Түркістанда «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы археологиялық мұражай-паркін құрудың алғашқы кезеңі аяқталуға жақын,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобаның жалғасы ретінде келушілерге заманауи сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасауға мүмкіндік беретін нысан салынбақ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, жобаның жалғасын талқылау үшін құрылыс басында жауаптылармен жолықты. Басшылар мен мердігер компанияға бірқатар тапсырмалар берді. Жұмыстарды ширатуды жүктеді.
Сан ғасырлық тарихы бар қалашық ежелгі Яссы қаласының бір бөлігі болғандықтан, жоба ЮНЕСКО қадалағауымен жүзеге асып жатыр. Теңдесі жоқ жоба ел назарын аудартары сөзсіз. Облыс әкімі абаттандыру жұмыстарына баса мән беруді, қалашықтағы құрылысты тарихшылармен кеңесе отырып жүргізуді тапсырды. Күмбездің темір конструкциялары, күмбез жабындары орнатылған. Облыс әкімі айналасына жол салу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
– Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО қорғауындағы тарихи мұра болғандықтан, оның аумағындағы жұмыстар қатаң қадағалануы тиіс. Бұл қалашықтың әр тасы – тарих. Жұмыстар тарихи жәдігерлерге зиян келтірмеуі тиіс. Көгалдандыруға аса мән береміз. Айналасы жасыл желекке оранып, туристерді баурап алатындай болуы керек. Бой көтеретін жаңа нысандардың сапасына баса назар аудару қажет. Тарихи әрі туристік нысанда тұтас бір үйлесімділік болуы тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.
Тарихи қалашықтағы құрылыс жұмыстары жалпы аумағы 30 гектарға жуық жерде жүргізілген. Жобаның алғашқы кезеңінде шетелден арнайы тапсырыспен жасалған 4 шартырлы күмбез орнатылды. 27 тірек, кәріз сорғы станциясы мен дренажды жүйе салынды.
Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру мен ғылыми-зерттеуге жергілікті ғалымдар атсалысты. Қалашықта әртүрлі кезең нысандарының эскиздері – қолөнершілердің тұрғын үйлері, заттар, ежелгі сауда көшелері, шеберханалар, ішкі аулалар және XII-XIX ғғ. бекініс қабырғаларының элементтері табылған. Осы жәдігерлер «Күлтөбе қалашығы» паркіне орнатылып, саяхатшыларға ұсынылады деп күтіліп отыр.