Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Астанадағы жаяу жүргіншілер аллеясына жүздеген алмұрт ағашы отырғызылды

Көшеттерді отырғызуға әкелер балаларымен бірге қатысты

Астанадағы жаяу жүргіншілер аллеясына жүздеген алмұрт ағашы отырғызылды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Нұра ауданында 300 алмұрт ағашын отырғызуға дипломатиялық миссиялардың өкілдері, бокстан Азия чемпиондары, спортшылар мен Қазақстан Әкелер Одағы қатысты, деп хабарлайды Newsroom.kz порталы елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Жасыл желектер Нұра ауданындағы Әйтеке би көшесіндегі аллеяның көркін арттыра түсті. Нұра ауданының әкімдігі араб, Еуропа мемлекеттерінің елшіліктерінің, Еуропалық Одақ және көршілес елдердің өкілдіктерінің көгалдандыру акциясына қатысуын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орайластырылып отырғанын атап өтті.

"Қазақстандық дипломатиялық корпуста 70-тен астам елшілік бар. Олардың барлығы қаламызды көркейту үшін осындай шараларға үнемі үлкен қызығушылықпен, үлкен ықыласпен қатысады. "Жасыл аймақ" апталығы аясында қолдарына күректерін алып, Әйтеке би көшесіндегі аллеяға алмұрт отырғызуға білек сыбана кірісті. Дипломатиялық корпус Есіл өзенінің жағалауын тазарту немесе ағаш отырғызу болсын, мұндай акцияларға қатысуға әрқашан дайын, үнемі қолдау көрсетіп отырады", - деді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.

Жаяу жүргіншілер аллеясын абаттандыруға Қазақстан Әкелер одағының мүшелері де атсалысты. Көшеттерді отырғызуға әкелер балаларымен бірге қатысты.

"Мен 7 жыл бұрын алғаш рет ағаш отырғызу науқанына қатыстым. Ол кезде Ботаникалық баққа отырғызылған шыбықтар қазір көлеңкелі үлкен ағаштарға айналды. Сондықтан мұндай бастамаларды үнемі қолдауға тырысамын. Ұрпақ сабақтастығының үлгісі ретінде бүгінгі шараға әкеммен және ұлыммен келдім. Мұндай іс-шаралар қоршаған ортаны, жерімізді, табиғатымызды аялаудың тамаша үлгісі болып саналады", - деп өз әсерімен бөлісті Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев.