Көктемгі әскерге шақыру науқаны барысында Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарына 18-27 жас аралығындағы 1300-ден астам алматылық шақырылатын болады, деп хабарлайды Newsroom.kz порталы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олардың қатарында ағайынды егіздер Шынболат пен Жанболат Талғатұлы да бар. Бірге қызмет етуге шешім қабылдаған егіз бозбала Алматы қаласы Алатау ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасына өз еріктерімен барған.
Оларды сыртқы ұқсастығынан бөлек, көп нәрсе біріктіреді деуге болады. Екеуі де таэквондомен айналысады. Бірнеше жарысқа қатысып, жеңімпаз атанған. Сонымен қатар егіздер Алматы полиграфия колледжін «Баспа машиналарының операторы» мамандығы бойынша бітірген.
Егіздерді әскер қатарына шығарып салуға туыстары мен достары көптеп жиналды.
– Әскердегі қатаң талаптан қашпаймыз. Біз тәртіпке үйренгенбіз. Спортпен шұғылдана жүріп, табыстың негізі – тәртіп деген сенімге келдік, –дейді Жанболат Талғатұлы.