Жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 577,4 мың отбасы қамтылды, жәрдемақының жалпы сомасы 116,6 млрд теңгеден асқан, деп хабарлайды Newsroom.kz
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, наурыз айында 583,1 мың отбасыға 39,4 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді.
Бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
2024 жылғы төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді:
- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге;
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге;
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге;
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге;
- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 14 768 теңге мөлшерінде төленеді.
"2024 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 7%-ға артқанын атап өтеміз. Биыл көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 474,8 млрд теңге қарастырылған."
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі