Батыс Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккен 481 отбасына 89 млн теңгеге бірреттік төлем берілді деп вице-премьер Нұрлан Байбазаров мәлімдеді, деп хабарлайды newsroom.kz порталы.
Су тасқыны басталғалы бері облыста 3700-ге жуық тұрғын эвакуациялық орталықтарға орналастырылды. Бүгінде олардың 2700-ге жуығы үйлеріне оралды. Қалған мыңнан астам адам 13 эвакуация пунктінде. Олар азық-түлікпен және қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етілді. Қажет болған жағдайда өңірде 30 мыңнан астам тұрғынға эвакуациялық пункттер дайындалды. Облыс тұрғындарына келтірілген материалдық шығынды есептеу жұмыстары басталды. 581 тұрғын үйдің 236-сына техникалық тексеру жүргізілді. Бұл жұмыс жалғасады. Су тасқынынан зардап шеккен 481 отбасына 89 млн теңгеге бірреттік төлем берілді, - дейді ол.
Вице-премьер алдағы уақытта төлемдер жалғасатынын айтты.
Қазіргі уақытта ең маңызды мәселе - су тасқынының екінші кезеңі. Кеше Ресей федерациясының Ирикла су қоймасынан секундына 2170 текше метр су келіп жатса, бүгін секундына 1670 текше метрге дейін түсті. Соған қарамастан жағдай күрделі. Орал қаласы бойынша Жайық өзеніндегі су деңгейі 7 метрге дейін көтерілді. Бұл тек Орал қаласына емес, өзен бойында орналасқан ақжайық, Бөрлі, Теректі аудандарындағы 94 елді мекеніне қауіп төндіреді. Облыста су тасқынының зардаптарын азайту үшін қажетті ресурстар жұмылдырылды. Орал қаласының Жайық өзені жағалауындағы ең қауіпті 6 учаскіде ұзындығы 5 мың шақырым болатын бөгеттер салынуда, - деді вице-премьер.