Шығанақ Берсиев атындағы ауылды түгелдей су басыпты

Журналист Ақтөбе облысындағы ауылдың халі туралы жазды

Видеодан кадр

Белгілі журналист Диас Нұрақын Ақтөбе облысындағы су тасқынынан зардап шеккен ауылдың халі туралы жазды,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы.

Ойылда тары өсіріп, рекорд орнатқан Шығанақ Берсиевтің атындағы ауылда енді күріш өсіруге болатындай. Елдімекенді түгел су басқан. Үй-жай, қора қопсы көлкіген суда тұр. Баспаналардың бәрі жермен жексен болып құлады. Ал, тарының отанында тұратын тұрғындар тарыдай шашылып жан-жаққа жан сауғалап кетті. Әзірге жұрттың жайын сұрауға жауапты бір жан бармаған.

Қызыл судың қарқыны басылғанымен, қауіп әлі сейілген жоқ. Өзіміз телефонды суға түсіріп алсақ ішіміз удай ашиды. Ал, Берсиевтің халқының дүние-мүлкі, асай-мүсейі, тұрмыстық техникалары, құжаттары, киім-кешегі, техникасы түгел малмандай болды. Малы да салы да суға кетіп, құр шылбырын сүйретіп қалған отбасылар  бар екен. Дәл осы жағдайды жарты Қазақстанның жұрты бастан кешіруде.

Бәріне темірдей төзім, жұқармайтын жүйке тілеймін! Күн жылынып, жер құрғаса қызыл су басқан аймақтарды аралап қайту жоспарымда бар. Ақша таратып, азық-түлік үлестірмесем де ауылдағы ағайынның арқасынан қағып, қарғын судың зардабын жою жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын бағамдап қайтамын. Елге көмектің толық жеткенін, құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуін қадағалап, жұртқа ақпарат таратудан басқа қолдан келер қайыр жоқ әзірге,- деп жазды ол.

Жүктелуде...