18 наурыздан бастап Астананың барлық ауданында вейп пен насыбайдың заңсыз таралуы мен қолданылуын анықтау бойынша рейдтер жүргізіліп жатыр. Полицейлер сауда орындарын тексеріп, таратушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартады, деп хабарлайды newsroom.kz порталы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Астана бойынша рейд барысында 4 тонна насыбай тәркіленді, оның құны 20 млн теңгеден асады. Тәркіленген барлық өнім жойылды.
Акцияны Астана қаласының әкімдігі мен елордалық полиция департаменті жеке серіктес – «Green economy» Еуропалық-Азиялық қауымдастығының ЗТБ «Kazecotech» ЖШС-нің көмегімен ұйымдастырды. Акцияға медиа тұлғалар, «Аманат» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, елорданың еріктілері мен блогерлері белсенді қатысты.
Насыбайды жою жөніндегі акция өндірістік база аумағында өтті. Заттың барлық көлемі медициналық қалдықтарды кәдеге жаратуға арналған мамандандырылған қондырғыда жойылды. Ол Қазақстандағы жалғыз «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ» «жасыл» технологиялар мен жабдықтар тізіліміне енгізілген. Тиісінше, шегілмейтін темекі өнімдерін (насыбай) термиялық жоюдан экологияға зиян жоқ. Процесті арнайы комиссия бақылап отырды.
Рейдтік іс-шаралар апталығында елорданың бес ауданында 500-ден астам сауда орны тексерілді.
Полиция департаментінің қызметкерлері аудан әкімдіктерімен бірлесіп, шегілмейтін темекі өнімдерін сатудың 70-ке жуық фактісін, оның ішінде насыбай өндірісі бойынша жерасты цехтарын анықтады.
Рейдтік тексерулер нәтижесінде бұзушылар 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл сала отырып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 196-бабына сәйкес әкімшілік жауапқа тартылады. Барлық өнімдер жергілікті орындардан тәркіленеді.