Назарбаев сияқты емеспін: Толықбай депутат інісі туралы айтыпты

Мақсат Толықбай «Бірақ...» бағдарламасының жабылғанын құптайтынын айтты

Фото: Qaz365.kz

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай қоғам сынына қалған «Хабар» арнасындағы «Бірақ» бағдарламасына қатысты және сол бағдарламаның жүргізушісі болған депутат інісі Самат Толықбайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Newsroom.kz порталы  Qaz365.kz ке сілтеме жасап.

Мақсат Толықбай «Бірақ...» бағдарламасының жабылғанын құптайтынын айтты.

«Әртүрлі пікірлер айтыла береді ғой. Біріншіден, ол бірдеңені бүлдіріп қоятындай мектептегі оқушы емес. Ол үш баланың әкесі. Ол өзінің тірлігіне, іс-әрекетіне өзі жауап береді. Журналистік тұрғыда пікірімді білгіңіз келсе, әрине мен қарсымын. Тақырып таңдаудан бастап барлығы дұрыс болған жоқ. Жүргізушілерді дайын сценарийді оқи салды деуге де болмайды, тәжірибе аз шығар, бұл жерде редакторлардың да кінәсі бар. Сондықтан министрліктің осы бағдарламаны жапқан позициясын қолдаймын», – деді Мақсат Толықбай.

Оның айтуынша, Мәжіліс комитетінде жабылған «Бірақ...» бағдарламасынан бөлек, «Қалаулым», «QosLike» секілді өзге бағдарламаларды жабу мәселесі талқыланып, заң жобасына өзгеріс енгізу нормасы қаралады.

Сондай-ақ ол депутат інісін ток-шоудың жүргізушісі болуға кім шақырғанын білмейтінін жеткізді.

«Ол  мәслихат депутаты. Ол біздің партияның атынан сайлауға түскен жоқ. Сол жерде жергілікті тұрғындар өзі ұсынды. Оны мына жаққа бағдарламаға кім шақырғанын білмеймін. («Бірақ...» ток-шоуына – ред.) Енді мен біреуді бір қызметке қоя алатындай, туған-туыстарымды жұмысқа тұрғыза қоя алатындай бұрынғы Назарбаев сияқты емеспін. Ондай құзыретім жоқ. Бар болса да, қолданбас едім. Сондықтан әркім өз тірлігі үшін өзі жауап береді», – деді депутат.

 

Жүктелуде...