Мәжіліс депутаты әрі танымал тележүргізуші Мақсат Толықбайды Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болады-мыс деген қауесет желіде бұрқ ете қалды,-деп хабарлайды newsroom.kz
Бұл туралы белгілі әлеуметтік желі қолданушысы және ерікті ретінде танылған Олжас Мамыр өзінің фейсбук парақшасында жазды.
«Шымкент қаласы әкімінің жаңа орынбасары Мақсат Толықбай болуға әбден лайықты. Себебі лайықты санайтындар көп» деген оның жазбасын қазіргі депутаттардың өзі қолдаған.
Мысалы, Ермұрат Бапи: «Не боги горшки обжигают» деген ежелгі гректен қалған сөз бар. Егер мынау қауесеттің жаны болса, Мақсат мырзаның басқалардан несі кем?! Мемлекеттік басқару ісіне араласып, нағыз ысылатын шағы. Жаңа Қазақстанды жаңа кадрлар құру керек! Ең бастысы - әгәркім жергілікті басқару қызметіне тағайындала қалса, ел арасында жиі айтылатын «шымкентский варианттан» сақ болған жөн!» - деп қолдау пікірін жазған.
Жуырда ғана «Хабар» арнасында бағдарлама жүргізген және аудандық мәслихаттың депутаты болған інісіне қатысты nege.kz басылымына Назарбаев емеспін деп пікір білдірген Мақсат Толықбайдың Шымқала әкімінің орынбасар болуына қатысты әріптесі Самат Нұртаза «Идея!» - деп қысқа-нұсқа пікір жазған.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасарына қатысты мұндай қоғамдық пікірдің туатындай да жөні бар. Жуырда ғана танымал тележурналист Саламат Омаш «Қазақстан» ҰТА Шымкенттегі филиалы «Ontustik TV» арнасының директоры болып тағайындалған. Сол кездердің бірінде Мақсат Толықбай, Саламат Омаш екеуі Шымқала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қабылдауында болып суретке түскен екен. Жорамал сол суреттен шығуы да мүмкін бе?
Қоғам сынаса қысқарып кететін мемлекеттік қызметкерлерді қайбір жылдары азайтқанда, облыс және қала әкімдерінің идеологияға жауапты орынбасарлары қысқарып қалған болатын.
Соңғы кездері қоғаммен байланыс орнататын, жұртшылықпен жылы сөйлесе алатын шенеуніктерге қажеттілік қаттың байқалған еді.
Соның салдары ма, әлде өзге де жоғары жақта шешімдер қабылданды ма, облыстар мен ірі қалалардың әкімдеріне идеологияға жауап беретін штат ашылады-мыс деген қауесет шыққан. Содан бері жұрт алдына шыққан, өңірлерде қызмет еткен, халықпен тілдесе алады деген мамандарды түрлі әкімдердің орынбасарлығына телу басталып кеткендей?
*Жұрттың мұңын жоқтап, түрлі өткір бастамаларымен көзге түсіп жүрген Мақсат Толықбайға қатысты бұл болжам жай ғана қауесет болуы мүмкін бе?*