Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

«Күйеуімнен Бишімбаевқа тән белгілерді байқадым» Абьюз көрген әйелдер күйеулерінен ажыраса бастапты

Салтанат Нүкенованың қазасы көп әйелдің ажырасуына түрткі болды

«Күйеуімнен Бишімбаевқа тән белгілерді байқадым» Абьюз көрген әйелдер күйеулерінен ажыраса бастапты
Фото: total.kz

Қоғамдық резонанс тудырған Салтанат Нүкенованың қазасынан кейін бірнеше әйел адам өз өмірі үшін ажырасуға шешім қабылдады,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Басылым оқырмандары арасында да резонансты істен кейін өз жұбайынан кетуге шешім қабылдағандар бар. Олар тілшімізге оқиғаларын айтып берді.

“Оқтау сынғанша ұрды”

Үш баласы бар келіншек 12 жыл жұбайының озбырлығына ұшыраған. Ер адамның езгісіне сонша жыл төзген әйелге аталмыш жаңалық ой салып, зорлық-зомбылық өрши беретінін түсіндіргендей болыпты.

“8 қараша түнде күйеуім соққыға жықты. Бір күннен кейін, 9 қарашада Бишімбаев туралы жаңалықты естідім, бұл “ажырас” деп белгі бергендей болды. Дағдарыс орталығында тұрып жатқаныма осымен үш ай, балаларым жанымда. Күйеуіммен бір шаңырақ астында тұрып, жүйкем тозды, болашағыма алаңдадым. Оған қайта қосылмаймын деп шешім қабылдадым. Себебі зорлық-зомбылық өршімесе, енді басыла қоймайды. Ол кешірім сұрап, қайта қосылуға ниет білдіргенімен, оған енді сенбеймін. Күйеуімнен жырақта болу үшін тіпті Алматыдан Астанаға көшуге тура келді”, – дейді келіншек.

Сөзінше, үйленген соң алғашқы 6 айда бәрі жақсы болған. Содан кейін ері жұмыстан шығып, бос қыдырыс көбейіп, ойын мен ішімдік ішуге құмартыпты. Артынша әйеліне қол көтеруді де әдетке айналдырған. Болмашы нәрсеге қызғанып, шу шығарады екен. Жиі қайталанатын озбырлықты көріп өскен қыздарының тілі де шықпай қалды, дейді ол.

“Жоғары оқу орнын бітіргем, жұмысым бар еді. Отау құрған соң, жұмыстан шығартып алды. Алты жыл ауылда ата-енемен тұрдық, содан соң қайтадан Алматыға келдік, қайтып қызметке кірістім. Бірақ жұмыста отырсам, қайта-қайта бейнеқоңыраумен хабарласып, тексеретін. Телефонымды көтермегенім үшін оқтау сынғанша ұрып-соқты. Сол кезде қызым қорқып, жылап қалды. Ұл бала босанғанымды қалайтын, 2018 жылы ұлға жүкті болдым. Алтыншы айда денем ісініп, уақытынан ерте босандым, алайда ол шетінеп кетті. Сол кезде мені кінәлап, “өзге ер адамның баласы болғандықтан, әдейі өлтірдің” деп жала жапты, бетіме баламның өлімін баса берді”, – дейді ол.

Патологиялық қызғанышы бар ер адам әйеліне дүкенге де баруға тыйым салған, кез келген жерге сұранып шығуды бұйырған. 

“Төрт рет атыма несие рәсімдеп, көлік алды. Сол көлікпен такси қызметін атқаратын, бірақ тапқан таянғанын кафеге, құмар ойынға жұмсайды. Несиесін әлі төлеп жатырмын. Үш жылдан бері декреттік демалыстамын, ата-анам көмектесуге мәжбүр. Десе де аш болсам да, миым тыныш. Енді менің атымдағы көлікті сатты. Сот өтіп, ол 15 тәулікке қамалды”, – деді тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жәбірленушісі.

Салтанат Нүкенованың қазасынан кейін осындай шешім қабылдаған әйел оның ағасы Айтбек Амангелдімен байланысқа шыққан. Ол адвокат, психолог көмегін ұсынып, әлі де хат-хабар алмасып тұратын көрінеді. 

Әйелдің тұңғышы 11-ге толады, ал одан кейінгілері 3 және 2 жаста. Бір өкініштісі, олар дағдарыс орталығында тек 6 ай тұра алады. Әрі қарай өз күндерін өздері көруі керек.

“Осындай қиын жағдайға түскен келіншектерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе екен деймін. Өйткені олар мұнда тек 6 ай тұра алады. Одан соң көбісі баратын жер таппай, тиран күйеулерімен қосылуға мәжбүр. Оның арты қорқынышты жағдайға әкелуі әбден мүмкін”, – дейді үш баланың анасы.

“Өмірімнен құнды ештеңе жоқ екенін түсіндім”

Өз оқиғасын бөліскен тағы бір оқырманымыздың бес баласы бар. Келіншек аты-жөнін құпия қалдыруды сұрады. Айтуынша, Бишімбаевтың ісінен соң өз өмірі үшін кепілдік жоқ екенін түсінген. Ол жағдай осылай қайталана берсе, бала-шағасы анасынан айырылатынын ұғып, ажырасуға өтініш беріпті. 

“Салтанат Нүкенова өз күйеуінің қолынан айуандықпен көз жұмды деген хабарды естіп, бойымды қорқыныш биледі. 5 баламды ойладым. 14 жылда күйеуім түрлі қорлықты көрсетті. Ешқашан менімен санаспай, тек өз дегенін істетеді. “Отырсам опақ, тұрсам сопақтың” күйін кештім. Шыдамай, кетіп қалатынмын, бірақ отбасымды сақтап қалу үшін кешіріп, қайтадан қосылуға келісіп жүрдім. Бірақ құр уәдемен 14 жылдың қалай өтіп кеткенін байқамай қалыппын. Бірақ мына сұмдық жайттан соң арам өліп кетпейін деген ой туды. Мен о дүниелік болсам, балаларыма кім қарайды?!” – деп жазды әйел.

Айтуынша, қазір балаларын алып, бөлек кеткен, пәтер жалдап тұрады. Ер адамнан енді алимент өндіруге ниетті.

“Қаржылай қиын болса да, шыдаймын. Бұрын-соңды отбасымыздың бүтіндігін бірінші орынға қойғаныммен, өмірімнен құнды ештеңе жоқ екенін түсіндім”, – деді ол.

“Жігітімнен Бишімбаевқа тән белгілерді байқадым”

Ал 21 жастағы қыз ғашық болған жігітінен Бишімбаевқа тән белгілерді байқап, дер кезінде арақатынасты тоқтатып үлгергенін айтады. Пайымдауынша, алғашында “джентельмен” болып көрінген жігіт кейін кім көрінгеннен қызғанып, жанжал көбейген. Шектен тыс тыйым салып, артынша қол көтеруге дейін барған. 

“Алғашында бұл жігіт ерекше көңіл білдіріп, маған ұнау үшін түрлі әрекет жасап, сыйлық беретін. Оның мұндай қадамын бағалап, мен де ұнатып, қыз бен жігіт болып кездесуге келістім. Оның қызғанышын махаббатының көрінісіне балап, іштей риза болатынмын. Бірақ шектен шыға бастады. Мені араласатын ортамнан ажыратып, таныс ер жігіттер былай тұрсын, құрбыларыммен араласуға шектеу қоятын. Киген киіміме, боянғаныма бола жанжал шығарып, “көзіме шөп салып жүрсің” дей беретін. “Маған тұрмысқа соң хиджаб киесің, сол үшін қазірден бастап үйрене бер” деді. Телефонға жауап беріп үлгермесем, үйімнің алдына келіп, отбасымның көзінше шу шығарып та жүрді”, – дейді қыз. 

Ару отауласқан соң “мұның бәрі тоқтайды, бірге тұрсақ, қызғанбайды” деп өзін іштей сендіруге тырысқан. Тіпті жақындары жігіттің мұндай қылықтарының ерсі екенін айтса да, оны қорғап, сөзін сөйлепті.

“Жігітімнің көңілі үшін ешқайда бармайтынмын, сабақтан шығып, бірден үйге қайтамын. Десе де қызғануға себеп табады, телефонымның локациясын да өзіне жүктеп, мені бақылап отыратын. Бір күні рұқсатымсыз басқа жерге бардың деп, ұрыс барысында бетімнен шапалақпен ұрған сәті де бар”, – деді ару.

Айтуынша, жігіттің мінезі әп-сәтте өзгереді. Бір кезде одан асқан мейірімді, мәрт жан жоқ болып көрінсе, ашу барысында одан қорқынышты жан болмайтын дейді. Қыз “эмоционалды әткеншекті” сезінгенін, сол себепті де онымен қарым-қатынасты бірден тоқтата алмаған айтады.

Салтанат Нүкенованың қазасынан кейін ол осыған қатысты жаңалықтарды жиі оқып, оның ағасының сұхбаттарын көре бастапты. Сол кезде Бишімбаевтың да болмашы нәрсеге қызғанып, жанжал шығаратынын, шамадан тыс бақылауда ұстайтынын көріп, өз жігітінің әрекеттерінен де осыны байқаған.

“Бишімбаев туралы ақпарат шыққан сайын оның бейнесінен сөйлесіп жүрген жігітімнің бейнесін айқынырақ көре бастадым. Осы адамға тұрмысқа шықсам, мені де осындай тағдыр күтіп тұр деп арақатынасымызға тоқтау салдым. Онда абьюзер, манипулятор адамның барлық белгілері бар екен”, – деді ол.