Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Үкіметте жер қатынастары саласында бірқатар кешенді тәсілдер әзірленуде

Вице-премьер С.Жұманғариннің төрағалығымен комиссия отырысы өтті

Үкіметте жер қатынастары саласында бірқатар кешенді тәсілдер әзірленуде
Фото: gov.kz

Жұмысты қайта форматтау және өңірлердегі халықты жайылымдармен қамтамасыз ету – Пайдаланылмай жатқан және заң бұзушылықпен берілген жерлерді қайтару жөніндегі комиссияның алдында 2024 жылға осындай міндет тұр,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Вице-премьер С. Жұманғариннің төрағалығымен өткен комиссияның кезекті отырысында осы бағытта не істелгені, сондай-ақ жоспарлар талқыланды.

Қайтарылған жерлерді қайта бөлу және топырақтың деградациясына қарсы күресті күшейту арқылы өңір тұрғындарының жайылым орындары қажеттіліктерін қамтамасыз ету – осындай мүмкіндіктерді жақында Жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша қабылданған заң беріп отыр. Жинақталған мәселелерді шешу және жер саласындағы жағдайды жақсарту үшін Үкіметте бірқатар кешенді тәсіл мен жүйелі шара әзірленіп жатыр. Олардың ішінде қызмет көрсетудің қағазсыз форматына көшу және жер учаскелерін беру рәсімін автоматтандыру бар. Бұл ретте жер мәселелеріне байланысты барлық рәсімді цифрландыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға және жергілікті жерлерде жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Қазақстанда 2023 жылы «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпарат жүйесі іске қосылды. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда жер учаскелерін берудің электрондық тәртібі заңнамалық түрде енгізілді. Цифрлық ауыл шаруашылығы карталары жасалуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша барлығы 145 млн га ауыл шаруашылығы жерлері цифрландырылды, бұл еліміздің ауыл шаруашылығы алқаптары аумағының 77%-ын құрайды. Ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыруды 2025 жылы толық аяқтау жоспарланып отыр.

Бұдан басқа мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпарат жүйесі базасында қағаз бетінде жүзеге асырылатын жер қатынастары саласындағы функцияларды жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Комиссия отырысында ақпарат жүйелерін интеграциялау процесінде туындайтын негізгі қиындықтар қаралды.