Халықаралық әйелдер күніне орай Қазақстанның кей қалаларында қыз-келіншектерге қоғамдық көлікте жүру тегін болады,-деп хабарлайды Newsroom.kz
Ақтау қаласы әкімдігінің ресми сайтындағы мәліметінше, ертең, 8 наурызда әйелдер үшін №1, 2, 3, 4, 4М, 5, 6, 7, 8, 9 бағыттарында жол жүру тегін болады. Қоғамдық көліктер 6:40 пен 21:00 аралығында жұмыс кестесіне сәйкес жұмыс істейді. Ақтөбе қаласы әкімдігінің Instagram желісіндегі ресми парақшасындағы ақпарат бойынша мереке күні қыз-келіншектер, аналар, әжелер жол ақысын төлемейді. Қалаға қызмет көрсететін бес компанияның да автобустары 8 наурызда әдеттегі кесте бойынша қатынайтын болады. Әкімдік өкілдері атыраулық әйелдерге де осындай сыйлық жасауды ұйғарды. Қалалық әкімдіктің Instagram-дағы парақшасында қала маңындағы маршруттарда да нәзік жандыларға тегін жол жүру қарастырылған деп жазылған. Атырауда автобустар әдеттегі кесте бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүреді.