Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде параны сөзбен ұсынғандарды жауапқа тарту ұсынылды,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза әлеуметтік желісінде бөлісті.
"АнтиКоррдың басшысының орынбасары Дархан Құрақбаев Мәжіліске келді. “Параны сұрау мен параны ұсыну үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу туралы” тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жалпы “Пара алу - қылмыс”, “Пара беру - қылмыс” екенін бәріміз білеміз. Енді “Параны сөзбен ұсыну - қылмыс” болмақ. Осындай ұсыныс түсіп жатыр Мәжіліске. Заңгерлер мен адвокаттар, прокурорлар мен соттар жиналды. Әр түрлі ойлар айтылды.
Бұл заң қабылданса, “Рахметіңді айтамын”, “Осы мәселені шешсең - Ренжітпеймін”, “Бір соғым менен”, “Көмектесші, сені де ұмытпаймыз ғой!” деген сөздер үшін сотталып кетуге болады. Демек қылмысты әлі жасамасаңыз да, тек ғана қылмысқа ынтаңыз бен зауқыңызды сөзбен айтсаңыз - сізге Қылмыстық іс қозғауға болады.
Кейбір адвокаттар бұл заңға қарсы шықты. “Адамның сөзі, ол жәй ғана сөз. Пара алса - қылмыс, параны ұсынса - қылмыс емес!” деді адвокаттар тобы. АнтиКорр мен Прокуратураның пікірі басқаша. Заңды шығаратын депутаттар ойланып отыр. Мен де ойланып қалдым. Бір жағынан АнтиКоррдың сөзі дұрыс, ал бір жағынан Адвокаттардың да сөзінде жан бар",- деп жазды ол.