Жетісудағы таңғы жаттығу: әкімдік ақпарат берді

Әр сенбіде денсаулық күні ұйымдастырылады екен

Видеодан кадр

Өткен аптада желі қолданушыларының арасында, Жетісу облысының шенеуніктерін таңғы жаттығуға мәжбүрлеп шығарады-мыс деген ақпарат тараған болатын. 

Аталмыш мәселені назарында ұстаған newsroom.kz порталы облыс әкімдігіне сұраухат жолдаған еді. Портал редакциясына әкімдік тарапы жолдаған жауап мынандай болды. 

Облыс әкімінің аппарат басшысы Сәкен Түкібаевтың қолымен келген жауап хатта «Талдықорған қаласының Қоғамдық кеңесінің ұсынысы бойынша әр сенбіде денсаулық күнін ұйымдастыру жоспарланған. Осы ретте, 2024 жылдың 3, 10 ақпанында «Жастар» және «Жеңіс» саябақтарында  бұқаралық спорттық шаралар өткізілді. Спорттық шараға қатысу ерікті түрде, қоғамдық ұйымдар, бюджеттік мекемелерді т.б. ешқандай мәжбүрлеу, шектеу болмайды» - деп жазылған. 

Оған қоса, қазіргі ауа-райының қолайсыздығына байланысты спорттық шаралар уақытша кейінге шегеріліпті, алдағы уақытта жалғасын табатын болады дейді.

Ал, gismeteo.kz сайтының мәліметіне сүйенсек, Талдықорғанда ауа-райы осы және алдағы апталарда -4 немесе -3 шамасында болып тұр. Наурыз айының жетісінен бастап, + 3 болады. Көктем келе жер жаннаты – Жетісу өңірінің шенеуніктері таңғы жаттығуды қайта бастай ма?

Фото: gismeteo.kz

Жүктелуде...