«Человек в маске» есімімен белгілі желі қолданушысы тағы да мұқтаж жанға үй алып берді,- деп хабарлайды newsroom.kz.
Бетперде таққан азамат бұл жолы Эльмира есімді 4 баланың анасына көмектесті. Көз ауруымен ауыратын Эльмира 17 жыл бойы көлік жуатын орында жұмыс істеп келеді екен. Жалғызбасты ана осы уақытқа дейін көлік жуатын жердің жертөлесін пана еткен көрінеді.
“17 жыл бойы 4 баламды көлік жуып бағамын. Көзім ауырады. Көлік жуатын жердің астында жертөлені жалдап тұрамыз. Өте суық, есігіміз дұрыстап жабылмайды. Көлік жуатын жердің тұтынушылары әжетхана деп ойлап кіріп келеді. Кейде егеуқұйрықтар жүреді. Қазір тіпті көлікті көргім келмей қалды, басқа жұмыс ауыстырғым келеді, бірақ көзім жарамайды”,- деп Эльмира көзіне жас алды.
Бетперде киген азамат Эльмира ханымның әңгімесін тыңдағаннан кейін оған жаңа үйдің кілтін табыстап, көзінің еміне керекті қаражатты берді.
“Бір керемет күні жараңыздың барлығы гүлдей жайнайтын болады. Бүгін Алланың қалауымен сол сәт келді. Бұйырса сіз көзіңізге ем аласыз, және сіз үйлі болдыңыз. Құтты болсын!”,- деді Бетпердедегі адам.
Бетпердедегі адам осыған дейін бірнеше мұқтаж жанға көмек қолын созып келеді. Жұмбақ қайырымды жанның кім екені әлі белгісіз. Желідегі дереккөздерге сүйенсек, ол Орал қаласының 26 жастағы тұрғыны көрінеді.