Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауынан 3,4 мың гектар жер учаскесі жеке тұлғаға заңсыз берілген,-деп хабарлайды Newsroom.kz порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының прокуратурасының мәліметінше, Кендерлі құмқайыры деп аталатын бұл учаске шығанақтың оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай 23 шақырымға созылатын облыстың басты көрікті жерлерінің бірі.
Деректерге сай жер учаскесі 2007 жылы "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-ға сауықтыру кешенін салу үшін 3,1 миллиард теңгеге сатылған. Алайда кейін "Гелиос" ЖШС-ға 3,3 миллиард теңгеге қайта сатылғаны анықталды.
“Талдаумен аталған жер учаскесі ЖАО-мен ҚР Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, заңсыз берілгені белгілі болды. Атап айтқанда, жер комиссиясының отырысы өткізілмегені, сондай-ақ жер учаскесіне жерге орналастыру жобасы бекітілмегені анықталды. Осылайша, жер учаскесін берудің жалпы тәртібі бұзылды (Жер кодексінің 43-бабы). Облыс прокуратурасының қадағалау актісінің негізінде уәкілетті орган сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз енгізді”, – делінген хабарламада.
Экономикалық соттың шешімімен талап қоюшының сұрауы толық көлемде қанағаттандырылды.(заңды күшіне енген жоқ) Ал жер учаскесінің бүгінгі кадастрлық құны 30 миллиард теңгеден асады.