Шымкенттік мұғалімдер әкімнен араша сұрайды

Шымкенттегі мектеп қашан жөнделеді?

Фото: newsroom.kz

Шымкенттегі Кенесары Қасымұлы атындағы №33 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Ахметова Құттығыз Сейлбекқызы мен мектеп әкімшілігі Шымкент әкімі Ғабит Әбдімажитұлынан жедел түрде көмек беруді сұрапты, - деп хабарлайды newsroom.kz.

Редакцияға келіп түскен арызға сүйенсек, осы уақыт аралығында аталған мектепте екі мұғалім туберкулез ауруына шалдыққан, қазіргі таңда тағы бір қызметкерден де анықталған екен.  

Мектеп әкімшілігінің жазуынша, мектеп мұғалімдері мен ата-аналардың да жанайқайы басылмай тұрған көрінеді.

«Қазіргі таңда ғимарат ішкі және сыртқы қабырғалары өте ескі, ылғалдылықтан көгеріп, қопарылып, едендеріміз шіріп, мектеп қызметкерлеріміздің және оқушыларымыздың денсаулығына зиян келтіріп, қауіп төндіруде.  Бірінші қабаттағы сыныптардың едендері, қабырғалары және дәліздің қабырғалары сызданып, иістеніп тұр, себебі жаңбыр жауған сайын мектеп жертөлесі суға лық толады. Ата-аналар тарапынан балаларының жиі өкпе ауруларымен ауыруының себебі кабинеттің ылғалданып, көгеруінің салдарынан деген шағым түсіруде»,- деп жазылған мектеп әкімшілігінің өтінішінде.

Аталмыш жазбаға сүйенсек, мектепті бұзу биылғы жылдың жоспарына кірмеген, бірақ оқушылардың денсаулығына, өміріне қауіпті болғандықтан, осы жылы жоспардан тыс жаңа мектеп салу қажет болып тұр екен. 

«Осы уақытқа дейін қалалық білім басқармасына бірнеше рет сұраныс жіберілген    болатын,  осы мәліметтер бойынша  қалалық  білім  басқармасы хабардар»,- деді мектеп директоры.

Бұл мәселені портал редакциясы назарда ұстап, әкімдік тарапына тиісті жолдауды жібереді және әкімдік пен білім басқармасының да позициясын жариялауға әзір. Мемлекет басшысы ту еткен «Әділетті Қазақстанда» мұндай мәселелер аяқсыз қалмайды деп үміттенеміз...

Жүктелуде...