Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қазақстанда ЛГБТ сайты бұғатталыпты

Министрлік балаларға тыйым салынған ақпаратты таратқан сайтқа шектеу енгізді

Қазақстанда ЛГБТ сайты бұғатталыпты
Фото: freepik.com

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақстандық ЛГБТ сайтын бұғаттағаны белгілі болды, деп хабарлайды newsroom.kz порталы kazface.kz-ке сілтеме жасап.

Бұғатталғанға дейін ЛГБТ сайтының басты бетінен "Selftanu.kz - ЛГБТК+ жасөспірімдер мен өзін-өзі түсінгісі келетіндерге арналған жоба" деген сипаттаманы оқуға болатын.

Сайт пен оның мазмұны қазақстандықтардың сынына ұшырады. Көптеген адам наразылығын білдірді. ЛГБТК+ жасөспірімдерге арналған алғашқы сайт ашылған күні қазақстандықтар дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттауға қарсы петиция бастады.

Ақпарат министрлігі сайтты неліктен бұғаттағанын түсіндірді.

"Мониторинг барысында "selftanu.kz" интернет-ресурсындағы балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпаратты жариялауға байланысты заңнаманың бұзылуы анықталды.
Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті орган балалардың психикалық-жас ерекшеліктерін, олардың ақпараттық орта, тарихи және өзге де дәстүрлер, қазақстандық қоғам мен мемлекеттің мәдени құндылықтарының теріс ықпалына осалдығын ескере отырып, сондай-ақ балаларды тиісті тәрбиелеу және толыққанды дамыту мақсатында ЛГБТ қозғалысының идеяларын қазақстандық халық арасында тарататын интернет-ресурстарға қолжетімділікті шектеуді қажет деп санады", - делінген хабарламада.

"Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы" заңда балаларға тыйым салынған ақпаратқа арнайы жыныстық-эротикалық сипаттағы, сондай-ақ балалар арасында таратуға Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында тыйым салынған ақпарат кіретіні белгіленген.

Сондай-ақ, "Бала құқықтары туралы" заңда порнографияны тарататын, балаларға зиянды әсер ететін және құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану да заңмен қудаланады және оларды таратуға тыйым салынады делінген.

Осы себептер бойынша министрлік "selftanu.kz" интернет-ресурсына қолжетімділікті шектеу жөнінде шаралар қабылдады. 

Бұл ретте министрлік өкілі аталған сайт заң бұзушылықтарды жойған жағдайда оған қолжетімділік қалпына келтірілетінін атап өтті.