Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары алаяқтық жасады деген күдікке ілінді,-деп хабарлайды Newsroom.kz порталы Антикорға сілтеме жасап.
Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы" КММ басшысының орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Шенеунік алаяқтық жасау дерегі бойынша күдікке ілінді. "Алдау арқылы ол аула аумақтарын күтіп ұстау, жинау және ҚТҚ шығару бойынша қызметтер көрсету шарттарын жасасу сылтауымен 21 млн теңге көлемінде жергілікті кәсіпкердің ақшалай қаражатын иемденген", - делінген хабарламада. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері күдікті үй қамауына алынғынын, тергеу жалғасып жатқанын атап өтті. Құзырлы орган мәліметінше, Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.