Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Бейбақ болдым: әйелдерге қатысты пост жазған депутат тағы не жазды?

Мені кешеден бері жерден алып, жерге салып жатқандарға айтарым бар,-деп жазба қалдырды депутат.

Бейбақ болдым: әйелдерге қатысты пост жазған депутат тағы не жазды?
Коллаж: Newsroom.kz

Депутаттың әйелдерге қарата айтқан сөздері  ғаламторда біраз пікірталас тудырды. Үнсіз бақылап, барлық пікірлерді оқып шыққан Анас Баққожаев өз ойын Facebook парақшасында жеткізді,-деп хабарлайды Newsroom.kz

"Бірден әңгіменің басын ашып алайын. Зорлық зомбылықты еш жақтап тұрғаным жоқ! Әйелдерге қол көтеру тұрмақ әйелдер отырған ортада ерлердің боқауыз бен дөрекі сөздерін жақтырмаймын, тіпті жек көремін. Мені жақсы танитын дос-жарандар тым ерте жесір қалып, ағам екеуімізді өсіріп, өндірген аяулы анама деген құрметімнің қандай шексіз екенін жақсы біледі. Ол азаматтар 28 жыл отасқан жарыммен ұрыспақ түгілі бір-бірімізге «әй» деп айтпайтынымызға да куә. Аллаға шүкір бақыттымыз.

  Сондықтан да қоғам ортасына қыз балалардың ибалылығы мен инабаттылығы туралы бірер ой салып, отбасының ойранын шығаратын ұрыстардың бір бөлігі осы ащы тілден шығады деп айтуға толық моральдық құқым бар! Әрине, осының барлығы жанайқайым. Себебі ажырасу фактілері күн сайын артып барады, тірі жетімдер саны азаяр емес. 

Ал осы ажырасулардың себептерінің 100 пайызы тек қана қол жұмсаудан емес екеніне келісетін шығарсыздар? Дұрыс түсініңіздер, мұнда мен тек ұрыс-керістің (қол жұмсау емес) шығу табиғатына байланысты айтып отырмын. Ажырасқан адамдармен тілдесіп, түпкі себебін сұрасаңыздар төбе шаштарыңыз тік тұрады. 

Мен сіздерге біраз себептерін көрсетейін:

Әйелдерге қатыстылары:

• қыз анасының (теща) отбасына тым көп араласуы

• анасының ұлын келінінен қызғануы

• келіннің қарашаңырақтан қашуы

• ене мен келін қарым-қатынасының шиеленісуі

• келіннің бала туудан шектелуі

• қонақжайлылықтың болмауы

• ененің келін бойынан мін іздеуі

• баланы әкеге қарсы қою

• жарын жағдайы жақсы отбасы ерлерімен салыстырып кемсітуі

Ерлерге қатыстылары:

• жалқаулық

• маскүнемдіктің зардабы

• ойынқұмарлық

• қатынжандылық

• қатынбасшылық

Екі жаққа да ортақ:

• қызғаныш

• бала тәрбиесіндегі көзқарастың қарама-қайшылығы

Мінекей, қарап көріңіздер. Аталған себептердің жартысынан көбі әйелдерге қатысты дүние!!! Кешеден бері айтқан сөздерімді Хейт қылған БАҚтар да, Блогерлер де, мені қарғап, боқтап, жерден алып жерден салған белсенділер де осы проблемалардың бар екеніне қоғамның назарын аударып, отбасы институтында әйелдердің қомақты рөл атқаратынын неге жазбайды? Тақырыптың өзектілігіне қарағанда Хайп артық болғаны ма?

Әлбетте көп ретте керегенің шайқалуы материалдық жағдайдың нашарлығынан басталады. Шаңырақтың жоқтығы, жалақының аздығы. Бұл экономикамыздың әлсіз тұстары. Оны дереу жақсартуымыз керек. Үкімет те, Парламент те осы жағынан шапшаң қимылдап, кесек-кесек реформаларды іске асыруы қажет. Тағы бір айтарым, Қазақстанда феминтстік қозғалысты үдетіп, ұлттық дәстүрімізді ұмыттыруға ұмтылған, көзге көрінбейтін күштер бар. Бірнеше жыл бұрын “жатыр менікі” деген жазу көтеріп алаңға шыққан қыз-келіншектер естеріңізде шығар?. Халқымыздың болмысына жат осынау дүниені насихаттағандардың алдағы уақытта ЛГБТ-ні де насихаттамайтынына кім кепіл? 

Мен гендерлік тепе теңдікке қарсы емеспін!!! Әйелді қорлағандарды қатаң жазалау керек. Оны қос қолымды көтере қолдаймын. Бірақ тепе теңдікті сақтауға екі жақтан да қозғалыс болу керек. Ер адам қол көтеру мен дөрекіліктен, әйел шайпаулықтан арылуға тырысуы тиіс. Баланс, бастысы отбасы осындайда ғана сақталады.  Жалпы, әр айтылған сынға кері сын айтудан аулақ болғанымыз жөн. Кез келген ой ортаға салынады. Сол талқыға түскен сөз арасынан адам баласы керегін алып, өзін жөндеуге тырысады. Керек қылмаса, сөз таластырмай, бір кәдеге жарар деп байыппен қабылдайды. Кешегі айтқаным - сол ортаға тастаған ойым. Біз аспаннан салбырап түскен жоқпыз. Анаралымыз бен әжелеріміз қазақы тәрбиемен өскен. Ибалылық пен инабаттылық солардан дарыған. Әттеңі сол, көп отбасы толық емес, аналар нан табамын деп жұмыста жүр. Сондықтан да бала тәрбиесіне мектептер де қатысқаны маңызды. “Бозбалаларға арлы азамат бол, қызыңды, қарындасыңды, анаңды сыйла” десек, бойжеткендерге “отбасының шырақшысы сенсің” деп бағыт - бағдар беруге тиіспіз. Дәстүріміздің жақсы қағидаттарын қастерлейтін орта қалыптастыруға міндеттіміз. 

ПыСы: Мені кешеден бері жерден алып, жерге салып жатқандарға айтарым бар. Адамды жақын білмей жатып, сырттай тон пішіп, қаралаудан аулақ болыңыздар. Боғауыз сөз бен қарғыс жақсылыққа апармайды. "Жүйелі сөз жүйесін,  жүйесіз сөз иесін табады",-дейді дана қазақ. Сіздердің баршаңызға жақсылық тілеймін. Алла Тағала сіздерге береке берсін. Осыған дейін айтылған сөздеріңізге ешқандай ренішім жоқ,- деді Анас Ахатұлы Баққожаев