Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Ұшақта бомба бар деп жалған хабарлама берген азаматқа 2,5 млн теңге айыппұл салынды

Отбасылық жанжалдан кейін жұбайы Санкт-Петербургке ұшып кетпекші болғандықтан ер адам бомба бар деп жалған хабарлама берген

Ұшақта бомба бар деп жалған хабарлама берген азаматқа 2,5 млн теңге айыппұл салынды
Фото: Free 3 D

Терроризм актісі туралы жалған хабарлама берген шетел азаматына 2,5 млн теңге айыппұл салынды, – деп хабарлайды Newsroom.kz

Көліктегі ПД 2023 жылдың күзінде көліктегі полиция департаменті қызметкерлерімен 36 жастағы шетелдік Астана – Санкт-Петербург бағытындағы әуе рейсінде терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін ұсталған болатын. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Тергеу барысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындаған. Ол отбасылық жанжалдан кейін жұбайы Санкт-Петербургке ұшып кетпекші болғандықтан, осындай ойланбаған қадамға барғанын түсіндірді. 

– Қаңтар айының соңында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен аталған азамат кінәлі деп танылып, оған 750 АЕК, яғни, 2 млн 587700 теңге мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды, – деді департамент бастығы Бақытжан Малыбаев. 

Малыбаевтың айтуынша, мұндай қадам жасаудың себептері әртүрлі, нақтырақ айтқанда абайсыз жеңіл-желпі сөйлегеннен бастап, қасақана бұзақылыққа дейін. Көбінесе, мұндай қылмыстарды азаматтар масаң күйде жасайды. 

– Өкінішке орай, азаматтар әлі күнге дейін осындай теріс қылықтар үшін жауапкершіліктің ауыр екенін біле бермейді. Көлік инфрақұрылымы объектілері бір уақытта өте көп адам шоғырланатын нысан болып табылады. Сондықтан мұндай қауіпті сөздерден кейін бірден құқық қорғау органдарының қызметкерлері объектіні қоршауға алып, адамдарды эвакуациялап, шұғыл қызметтер іске қосылады, рейстер тоқтатылады немесе кешіктіріледі, – деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы. 

Сондай-ақ, ол терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл түрінде не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеумен не сол мерзімге бас бостандығынан айырумен қылмыстық жауаптылықты көздейтінін еске салды.