Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Еврей мен араб бір мемлекет құра ала ма?

«Сұрауы бар» алаңында шығыстанушы, халықаралық саяси сарапшы Жанат Момынқұловтың сұхбаты

Еврей мен араб бір мемлекет құра ала ма?
Фото: Сұрауы бар

АҚШ-тың қолдауына ие болған араб елдері дін мәселесін қайта қарап жатыр. Бұл пікірді «Сұрауы бар» алаңында шығыстанушы, халықаралық саяси сарапшы Жанат Момынқұлов айтты,-деп хабарлайды Newsroom.kz

«АҚШ қолдаған монархиялы араб елдері дамып кетті. Қазір мысалы, Әмірліктер, Сауд Арабиясын қарасаңыз, керемет дамып кеткен. Олар қазір модернизацияға өтіп жатыр. Қазіргі дін мәселесін де қайта қарап жатыр. Ал енді француз моделімен, республика моделімен, СССР-ға жақтас болған мемлекеттер – Сирия, Ирак сияқтылар өте қиын жағдайда болып, шытынап, мемлекетін жоғалтып ала жаздады деп айтуға болады» - деді Жанат Момынқұлов.

Сарапшының айтуынша, қазіргі уақытта Сауд Арабиясы сияқты мұсылман елдері заманауи мемлекет үлгісіне көшуді қалап отыр.

«Сауд Арабиясы әйелдердің күйеуінсіз сыртқа шығуына рұқсат берген. Сауд Арабиясында үлкен рок-фестиваль өтті. Бұл қатты талқыланды. Сауд Арабиясы модернист жаңа мемлекетке айналғысы келіп отыр. Салафилер өздерінің болашағының жоқтығын, баянсыздығын көрсетті. Міне, содан кейін саяси исламшылдар жаңа заманғы мемлекетті басқара алмады. Біздің кейбір мұсылман бауырларымыз жаңа замандағы мемлекетті орта ғасырдағы мемлекетпен байланыстырғысы келеді. Екеуі көбіне сәйкес келмейді. Зайырлы мемлекетте өмір сүргеннен кейін зайырлы заңдарға бағынып өмір сүру керек», - деді ол.

Сондай-ақ, мұсылман елдерінде заманауи дүкендер мен ойын-сауық орталықтары да көбеюі мүмкін.

«Сауд Арабиясы мұсылман емес дипломаттарға арақ сататын дүкен ашыпты. Яғни, Сауд Арабиясы өзіне үндістерді, Батыстан туристерді шақырып отыр. Бұлар сол мемлекеттерге келеді, ойын-сауық, әртүрлі көңіл көтеретін, демалатын орындар ашуы мүмкін. Қазіргі заманда өмір сүріп жатқандықтан Сауд Арабиясының да экономикалық мүдделері бар», - деді Ж. Момынқұлов. 

Қоғам бір-бірін жейін деп отыр

Қоғам қазіргі уақытта екіге бөлініп кетті. Бұл пікірді «Сұрауы бар» алаңында шығыстанушы, халықаралық саяси сарапшы Жанат Момынқұлов айтты.

«Біздің елден жаман үрдіс байқадым. Ақпараттық алаңда соңғы бір-екі жылда кім министр болғанын білмеймін, өте қатты құйтырқыланып кеттік. Халық бөлініп кетті. Тәңіршілдер деп бір топ қалыптасып жатыр. Ұлтшылдар, ультраұлтшылдар, дінсіздер бір бөлек те, арабқұлдар деп, оның ішінде діншілдер, салафилар, ханафилар, арасында жұмаға баратындар деп екіге бөліп жіберді. Қоғам қазір осы негізде бір-бірін жейін деп отыр. Аналар анаған арабқұлдар деп күледі. Ол кімге тиімді?! Қоғамды бөлу сырттағы күштерге тиімді ме, біздің ақпараттық алаңның модераторларына тиімді ме? Осындай сұрақтар бар. Бұл енді халықтың назарын Қаңтардан, Украинадан, ішкі саяси мәселелерден немесе экономикалық-қаржы бөлісу жүріп жатыр ғой активтерді, солардан назарын аудару ма деп ойлап қалдым. Және де осыны пайдалана отырып, Қаңтардың айналасында сақалдылар-салафилер деп кінәлайды да, бірақ ашық айта алмайды. Террористер дейді де бірақ ол террористердің кім екенін де айта алмайды. Яғни, «козел отпущения» дейді ғой, бар кінәні соларға жаба отырып, бірақ ашық айтпайды. Демек, бір құйтырқы ойындар бар. Кімге жабарын білмей отыр. Сондықтан осы жағын алғанда күрделі мәселелер бар. Қазақтың бірілігі керек, кім болса да», - деді Жанат Момынқұлов.

«Хамас» ұйымын құруға Израильдің қатысы бар.

 «Хамас» ұйымын қаржыландырып отырған ірі мемлекеттер бар. Бұл пікірді «Сұрауы бар» алаңында шығыстанушы, халықаралық саяси сарапшы Жанат Момынқұлов айтты.

«Израиль мен арабтар «бір мемлекет болайықшы» деп отыр. Бірақ демократиялық мемлекет – арабтардың да, еврейлердің де құқығын қорғайтын мемлекет. Осыған да келісіп отырған көпшілік бар» - деді Жанат Момынқұлов.

Оның айтуынша, арабтар мен еврейлердің арасын ушықтырған «Хамас» ұйымын құруға Израильдің де қатысы бар.

«Палестинаның азат ету» ұйымына қарсы 1980 жылдардың аяғында «Ихуан» мұсылман бауырлар» ұйымының ішінен шыққан «Хамас» ұйымы шықты. Еуропалық одақтың жоғарғы өкілі Жозеп Боррель «Хамасты» құрып, қаржыландырған Израиль екенін айтты. Оны Израильдің көптеген өкілі де, офицерлері де мойындаған дейді. Олардың мақсаты – ұлтшылдар мен діншілдерді бір біріне қарсы қою. «Хамастың» әрекетінен өткен жылғы қазан айында 12 мың, кейіннен 30 мың адам өлді. Бұл жерде өте күрделі ойындар бар. Исламды құбыжық ету көрсету, террорист ету оларға тиімді. «Хамас» қазір Түркиядан, Ираннан, Катардан әскери-қаржылық көмек алып отыр» - деді  сарапшы.

Айта кетейік, «Сұрауы бар» алаңында шығыстанушы, халықаралық саяси сарапшы Жанат Момынқұлов әлемдегі саяси ахуал туралы сұхбат берген болатын. Сұхбаттың толық нұсқасын мына жерден көруге болады.