Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
31 қаңтар, 2024 / Рысжан Амантай / Аймақтар

Түркістанда имамдар институты ашылайын деп жатыр

Еліміздің имамдары Түркістанда ашылатын ислам институтында білімін жетілдіреді

Түркістанда имамдар институты ашылайын деп жатыр
фото: Түркістан Дін істер басқармасы

Түркі әлеміне әйгілі ғұлама Қожа Ахмет Ясауиді тұлғалық жағынан таныту, оның еңбектері мен хикметтеріне ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында 2022 жылы демеушілер есебінен Түркістан қаласында «Қылует» рухани-мәдени орталығының құрылысы басталған еді. Биыл пайдалануға беру жоспарлануда,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы Түркістан Дін істер басқармасына сілтеме жасап.

Онда ғұламаның шығармалары терең талданып, қоғам назарына ұсынылады, түркі мұсылмандық дүниетанымының сабақтастығы айқындалады.

Дәл осы орталықтың жанынан бөлек оқу ғимаратында ҚМДБ-ның имамдардың білімін жетілдіруге арналған Ислам институты ашылады. Осыған орай қажетті жағдайлар жасалуда. Оқу ғимараты 120 орындық жатақхана, 60 орындық кітапхана, 100 орындық дәрісхана және 60 орындық асханамен қамтылады. Қазіргі таңда Түркістан облысындағы 800-дей мешітте 1100-ден астам имам қызмет етуде. Дегенмен институт тек Түркістан өңірінің имамдарына ғана емес, Жамбыл, Қызылорда облысы мен Шымкент қаласының дін саласы қызметкерлеріне дәріс өткізеді. Курс жылына 4 рет ұйымдастырылса, оқыту мерзімі 2 айға созылады.

Бүгін облысқа арнайы келген Қазақстан Мұсылмандары Дін Істер басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен орталықтың құрылыс алаңын аралап, жоспарлармен таныстырдым. Сапар барысында Бас мүфти қалада жаңадан бой көтерген 300 орындық мешіттің ашылуына қатысып, тұрғындардың ортасынан табылды.

Ал облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесу барысында Ислам институтын ашу бастамасының рухани қалада жүзеге асырылуы – ерекше мүмкіндік екенін жеткізді. ҚМДБ-ның жоспарына сай Қазақстанда 2024 жыл — «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы болып жарияланып, 600-ден астам іс-шараны қолға алу көзделіп отыр екен. Бас мүфти игілікті шаралардың алғашқысы Түркістаннан басталғанын баса мән беріп айтты. Ертең дәл осы тақырып аясында облыс орталығында республикалық ғылыми-танымдық конференциясы өткізіледі.