Бүгінгі заман талабының бірі - қаржылық сауаттылық. Қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізу үшін не істеу керек? Осыған байланысты Newsroom.kz порталы жариялаған материалды назарларыңызға ұсынамыз.
1. Ақшаны тапқаныңыздан азырақ жұмсаңыз.
Бұл – біздің өміріміздің қарапайым математикасы. Шығысыңыз кірістен көп болса, минусқа кетесіз. Ал, керісінше, кіріс молырақ болса, оң нәтижеге қол жеткізесіз.
Өз қалауыңызды шектей білу және ақшаны үнемдеу – қаржылық еркіндікке қол жеткізудің негізгі дағдысы. Ай сайын кірістің кем дегенде 10%-ын кейінге қалдыру ережесін сақтаңыз. Ал қалған 90%-ы өмір сүруге әбден жеткілікті.
2. Жеке және отбасылық бюджетті бақылау
Яғни, кіріс пен шығысты бақылап отыру үшін бюджеттік бір файл жүргізіңіз. Ол үшін кез-келген компьютерлік немесе телефонға орнатылған бағдарламаларды қолдануға болады. Мысалы: Word, Excel, NoteBook және тағы басқалары.
Бұл файлды дұрыс жүргізу үшін кіріс пен шығысқа арналған кестелер құру керек. Кіріс бөліміне тұрақты жұмыстан түсетін жалақы, қосымша табыс сияқты пункттерді жазасыз. Ал шығыс бөліміне ай сайын тұрақты түрде жұмсалатын ақшалар тізімін жазып қойыңыз. Мысалы, жалдамалы үйдің ақысы, несие, азық-түлік, киім, қыдыру және тағы да басқалары.
Осы екі кестені толтырып, қарап отыру арқылы ақшаны анағұрлым үнемдеуге мүмкіндік туады. Себебі әр жазған сайын санаңызда белгілі бір жүйе қалыптасып, ақша жұмсар алдында ойланатын боласыз.
3. Қаржылық мақсат қойыңыз
Бұл ереже қаржылық сауаттылыққа ғана емес, жалпы өмірге де байланысты. Яғни, сізде қаржылық мақсат болуы керек. Ол «ақша маған не үшін қажет?» деген сұраққа жауап беруі тиіс. Айталық, ақша тек бір мақсатта ғана жұмсалмайды. Түрлі қажеттіліктер бар: баланың оқуы, күнделікті өмірдегі ұсақ-түйек, көлік немесе үй алу және тағы басқалары. Сондықтан ақша сізге не үшін қажет екенін тізбектеп жазып шығу керек. Кейін сол мақсаттарыңызды қанағаттандыру жолында нақты қадамдар жасаңыз: ақша жинау, депозитке салу.
Ақша жинауда белгілі бір мақсат болмаса, өнімді қаражаттың басы құралмайды.
Сондай-ақ, қазірден бастап балаларыңызға жеке шот ашып, ай сайын ақша салып отыруға болады. Егер тұрақты түрде жалғастырсаңыз, олардың болашағына зор инвестиция құя аласыз.
4. Сауданы саналы түрде жасаңыз
Сатып алу туралы шешім қабылдаған кезде негізгі бағаға кірмейтін жасырын шығындарды да ескеріңіз. Айталық, автокөлік сатып алу дегеніміз – бензинге, қосалқы бөлшектерге, сақтандыруға, техникалық қызмет көрсетуге және т.б. шығындарды білдіреді. Сондықтан осы факторды ескеріңіз және әрқашан техникалық қызмет көрсету бюджетін жоспарлаңыз.
5. Қаржы резервтерін қалыптастырыңыз
Кез келген мемлекеттің немесе жеке кәсіпорынның бюджет құрылымында резервтік қорлары болады. Біз өмір сүріп жатқан нарықтық заманда күн сайын түрлі өзгерістер болып жатады. Экономикалық дағдарыс, жұмыстағы қысқарту, сырқаттану, тағысын-тағы – сіздің әмияныңызды бірден босатуы мүмкін. Сондықтан қосымша қаражат болғаны дұрыс.
6. Шығындарыңызды бақылаңыз
Өмірде үш құпия бар: шаң қалай пайда болады, шұлықтар қайда жоғалады және ақша қайда кетеді. Сіз олардың кем дегенде біреуін шеше аласыз. Бір ай бойы шығындарыңызды бақыласаңыз, үнемдеуге көптеген мүмкіндіктер туады.
7. Пассивті табыс көздерін іздеңіз
Ақымақ адам ақша үшін жұмыс істейді, ал ақылды адамға ақша жұмыс істейді. Пассивті кіріс ережесін осылай сипаттауға болады. Егер сіз ақша жинап, белгілі бір капитал құрай алсаңыз, келесі маңызды қадам – қаржылық еркіндікке ұмтылу керек.
Бұл дегеніміз – сіздің қатысуыңызсыз ақша әкелетін кез келген нәрсе: бизнес, бағалы қағаздар, депозит, т.б.
Қаржылық сауаттылықты арттыру – тұрақты процесс. Сондықтан пайдалы кітаптарды оқып, қаржы әлемін зерттеңіз, жеке қаражатыңызды көбейту үшін түрлі мүмкіндіктерді пайдаланыңыз.