2023 жылдың желтоқсанында елімізде азық-түлік бір айда 0,9%-ға, бір жылда 8,5%-ға қымбаттапты,-деп хабарлайды newsroom.kz порталы energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
Өңірлер бойынша ай сайын азық-түлік Алматы, Шымкент, Түркістан облыстарында ең көп қымбаттаған көрінеді.
Ал бағасы аса қымбаттамаған өңір Қызылорда облысы екен.
Жалпы жылдық қорытынды бойынша азық-түлік бағасы Ұлытау облысында қатты өскен. Одан кейін Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында 10,3% және 9,8% өскен.
Ал жеміс пен көкөніс бағасы бір айда 3,8%, бір жылда 9,5% өсті.
Жемістердің ішінде алманың килосы 604 теңгеге, банан — 908 теңгеге, апельсин - 1,1 мың теңгеге, лимон — 1,3 мың теңгеге, кептірілген өрік — 4,2 мың теңгеге дейін қымбаттады.
Көкөністердің ішінде ақ қырыққабаттың бағасы күрт өсіп, бір жылда килосына 147 теңгеге дейін қымбаттады. Сәбіз болса 168 теңгеге, қызанақ 853 теңгеге, қызылша 245 теңгеге дейін қымбаттаған.
Ал пияз 106 теңгеге, картоп 136 теңгеге, қияр 914 теңгеге арзандаған.
Сүт өнімдерінің бағасы да бір жылда өскен. Нақтырақ айтсақ, Консервіленген сүт бір жылда 16,9%, ішетін сүт — 14,8%, ашытылған сүт өнімдері — 10,6% қымбаттады.
Майлылығы 2,5% пастерленген сүт литріне 385 теңге, майлылығы 3,2%-4% литріне 475 теңге, майлылығы 2,5% айран литріне 419 теңге, қаймақ килосына 1,9 мың теңге, сүзбе — 2,1 мың теңге, қатты ірімшік — 5 мың теңге болды.
2022 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда ет және ет өнімдері 7% қымбаттады.
Сауда нүктелерінде жылқы етінің килосы орташа есеппен 3 мың теңге, қой еті — 2,8 мың теңге, сиыр еті — 2,6 мың теңге, шошқа еті — 2,2 мың теңге, қайнатылған шұжық — 2,8 мың теңге, жартылай ысталған шұжық — 3,3 теңгеден сатылуда.
Бірінші санаттағы жұмыртқа 13,4% қымбаттап, он данасы 541 теңгені құрады.
Наубайхана және жарма секторында баға бір жылда 10,8% өсті. Қара бидай мен бидай ұнынан пісірілген нан 8,2% қымбаттап, килосы 462 теңге, жоғары сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан 7,7% қымбаттап, 374 теңге, бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан 3,3% қымбаттап, 199 теңге болды. Жоғары сұрыпты бидай ұнының килосы 392 теңгеден, бірінші сұрыпты бидай ұнының килосы 239 теңгеден сатылды.