Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Шетелдегі қазақ қызы - арманым көпбалалы ана болу

Шетелдіктер асырап алған қос қазақтың тағдыры қалай өрбіді?

Шетелдегі қазақ қызы - арманым көпбалалы ана болу
Фото: “Шетелдегі қазақ балалары”

Жанар Байсемізованың “Шетелдегі қазақ балалары” жобасының кезекті шығарылымында шетелдіктер асырап алған Руслан мен Әлияның тағдыры айтылды,-деп хабарлайды newsroom.kz.

2 және 3 жастарында шетелдік отбасы асырап қос қазақ баласы қанмен жақын бауыр болмаса да, ұлты мен тілі бір қазақтың балалары екен.

Шетелдік ата-ана АҚШ-тан Қарағандыға 8 отбасы боп бүлдіршіндерді асырап алу үшін келіпті. Әлия мен Русланды асырап алған ерлі-зайыпты қос бүлдіршінді өсіріп жетілдіру үшін  барын салыпты. Қазақ балаларының есімін Натали және Натаниел деп өзгерткен. 70-тен асқан ата-ананың одан басқа балалары жоқ екен. 

“Мені асырап алғанына ешқашан өкінген емеспін, менің ата-анам ең керемет адамдар”,-дейді Руслан.

Қарағандының қара торы жігітін ата-анасы еркелетіп Нейт деп атайды екен. Руслан жастайынан өте елгезек, зерек болып өсіпті. Регби спортынан бапкер, әрі Юта штаты бойынша регбиден ерлер құрамында ойнайтын көрінеді.

“Қазір Юта университетінде криминалистика бөлімі бойынша медициналық курс оқып жатырмын. Адам саудасына, сексуалдық зорлық-зомбылыққа, адам құлдығына қарсы күрескім келеді”,-дейді Руслан.

Шетелдік отбасы асырап алған тағы бір қыз Әлияның қазір күйеуі мен бүлдіршіні бар екен. Әлия заң компаниясында офис менеджер болса, күйеубала медициналық ғылыми зерттеулердің үйлестірушісі болып қызмет атқарады екен. Ал ұлдарының есімін Дмитрий деп қойыпты. 

“Баламыз өте сүйкімді, қазаққа ұқсайды. Қазақтың қаны мықты екен ғой деп ойладым. Бәрі өзіңе ұқсайды деп айтады,”- дейді Әлия. 

Жат елде жүріп жақынға айналған екі бауыр бір-бірін қатты жақсы көреді екен. 

Мектеп кезінде Әлия мен Русланды ата-анасы Қазақстанға апарыпты. Астана мен Алматы қалаларын аралатқан. Қаарағандыдағы өздері тәрбиеленген балалар үйіне де барған екен. Балалардың ата-анасының кім екені белгілі, бірақ не үшін жетім қалғаны жұмбақ. 

“Мен ешқашан туған ата-анамды айыптағым келмейді, себебі болған шығар”,- дейді Әлия.

Жетімдікті сездіртпеген америкалық ата-анасына разы қыз өзі де болашақта Қазақстаннан бала асырап алып, аналық мейірімді көрсеткісі келеді екен.

“Көпбалалы ана болғым келеді. 3-4 балам болғанын қалаймын. Қазақстаннан бір баланы асырап алғым келеді. Ана махаббаты мен мейірімін жеткізсем деймін”,-дейді Әлия.