Жұрттың баласы! АҚШ полицейі қазақ қызының айлығын алып беріпті

Америкада жұмыс істеуге рұқсаты жоқ адамдарды қанайтын мекемелер көп

Фото: ашық дереккөзі

 Америкада жұмыс істеуге рұқсаты жоқ адамдарды қанайтын мекемелер көп. Бүгін ғана бір студент қыз Бруклиндегі бір дүкенде бір аптадан астам сатушы болып істеп, жұмысқа алынбағанын, ақшасын да төлемей, “стажировкада жүрдің” деп, шығарып жібергенін айтып, жыламсырап қоңырау шалды,-деп хабарлайды Newsroom.kz

Ол қыз төмен бағаға, сағатына 13$-ға жұмыс істепті. Солай келісілген. Бірақ Нью-йоркте заңсыз иммигранттарды, құжаты жоқ студенттерді стажировка деп алдап, апталатып жұмыс істетіп, жиі ауыстырып отыратын бизнес орындары баршылық. Бұл қызды да заңды рұқспты жоқ деп ойласа керек. Құжатын сұрамай, келісімшарт жасаспай алған екен жұмысқа. 

Мен ана қызға полицейге қоңырау шал, мен де барамын дедім.

Полицей келді. Бір қағазға да қол қойдырған жоқ.

- Қанша жалақы алуың қажет еді? - деп сұрады.

- 460$.

Полицей келе жатқанын білгеннен дүкен иесі анау деп, мынау деп, айлығынан қысқартып, 300$ берген.

Бірақ ана қыз полицейге:

- Мен полицей шақырғанымда ақшамды берді, - деді.

- Қанша берді?

- 300$

- Қанша алуың қажет еді деді?

- 460$.

Полицей дүкен иесіне қарады:

- 160$-ын беріңіз.

Дүкен иесі “анау-мынау, дұрыс істемеді” деп жатыр еді тыңдамады.

- Қазір айлығын түгел бер, болмаса заң жүзінде сөйлесеміз.

Дүкенші ақшасын берді.

Студент қыз ақшасын алып, қуанып кетті.

Полицей “біз осылай біреуді қорғадық, мына жерге шақырумен бардық” деп, істеген жұмысын таудай етіп көрсететін, отчетқа енгізетін еш құжатқа қол қойдырған жоқ.

Келді. 3-4 минутта құқы тапталған жұмысшының құқын қорғады. Кетті.

Студент қыздың еңсесі көтеріліп қалды.

©️Нәзира Байырбек

 

Жүктелуде...