Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев "Talklike" жобасына берген сұхбатында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ халқына өкпесі барын айтты,- деп хабарлайды newsroom.kz.
Амангелді Шабдарбаев Нұрсұлтан Әбішұлының Владимир Путинмен қарым-қатынасы жақсы болды дейді.
"Нұрсұлтан Әбішұлының Владимир Путинмен ара-қатынасы жақсы болды. Ел үшінде керек болды. Содан кейін олардың арасында не болғанын өздері ғана біледі. Бір айтатыным, Нұрсұлтан Әбішұлы бұлай болады деп ойламады, ойына да кіріп шықпады. Халық шығып, "шал кет" деп айтып, риза болмайды деп ойлаған жоқ. Ол кісі "халқым мені сүйеді, халқым мені жақсы көреді, менен басқа Қазақстанға еңбек сіңірген адам жоқ", деп ойлады. Ал, енді мынаның бәрін көріп, халқына өкпелеп жатыр. Сондықтан реніші бар. Путин екеуі бір-біріне бірдеңе болып қалса, көмектесем деп уәде берген шығар. Елден кеткен кезде қайда боламын деп, балаларым қайда болады деп ойлады. Екі баласын алдын ала жіберетін жаққа жіберді. Кім біледі?,- деді Шабдарбаев.
Сонымен қатар, сұхбатта Шабдарбаев экс-президенттің Дінмұхаммед Қонаевқа қарым-қатынасының дұрыс болмағанын айтты.
"Мысалы, Дінмұхаммед Ахмедұлы екеуінің арасы әке мен баладай болды. Жарты жылдан кейін енді кәдімгідей ажырады. Билікке келгеннен кейін баласы ана кісіге көмектеспей қойды ғой. Теледидарда сөйлетпеді, айтқызбады. Сонда кішкене кешірімді болуы керек еді ғой. Дінмұхаммед Қонаевқа көп керек емес қой. Көлік бере сал, бір-екі рет теледидардан сөйлете сал, бір кітаптарды шығарта сал, несі кетеді? Оны істемеді. Ал, енді қазір Назарбаев өзі солай істемегеннен кейін өзінің басына келуі мүмкін ғой. Қазіргі президент Қасым-Жомарт Кемелұлы қаңтардағы істелінген Назарбаевтың ісі үшін өкпелеуі де мүмкін. Неге бұлай болып кетті деп, және өз саясатын жүргізуге құқылы болады,- деп айты Амангелді Шабдарбаев.