Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
11 қаңтар, 2024 / NewsRoom / Жаңалықтар

Қазақстандықтардың банк шоттарында қанша ақша бар?

Былтырға қарағанда ақша көбейген

Қазақстандықтардың банк шоттарында қанша ақша бар?

Ұлттық банк қазақстандықтардың банктердегі есепшотында қанша ақша бар екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ұлттық банк Tengrinews.kz ресми сауалына берген жауабында 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша, теңгелік депозиттер - шоттар мен резиденттердің салымдары 24,2 триллион теңге, оның ішінде ағымдағы шоттарда - 6 триллион теңге, өзге шоттарда - 18,2 триллион теңге болғанын хабарлады.

Ұлттық банк мәліметінше, 2023 жылдың 11 айында елдегі қолма-қол ақшасыз төлем айналымы – шаруашылық жүргізуші субъектілердің барлық төлемі мен ақша аударымы 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,5 пайызға өсіп, 796,9 триллион теңге болған. Сондай-ақ, 2021 жылмен салыстырғанда - 29,3 пайыз, 779,5 триллион.

Жеке тұлғалардың төлемдеріне келетін болсақ, қолма-қол ақшасыз төлемдердің өсу үрдісі 2023 жылы да сақталған. 2023 жылдың 10 айында халық 132,8 триллион теңгеге 9,5 миллиард транзакция жасаған.

Оның ішінде 114,1 триллион теңгеге 9,3 миллиард транзакция қолма-қол ақшасыз әдіспен жасалған. Былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда саны бойынша 33,8 пайызға, көлем бойынша 38,7 пайызға өсім бар.

2023 жылы барлық карточкалық транзакциялардың 85,9 пайызы қолма-қол ақшасыз операциялар болды, олардың үлесі былтырғымен салыстырғанда 82,4 пайыздан 3,5 пайыздық тармаққа өсті. 2023 жылы қолма-қол ақшаны алу операцияларының үлесі 2022 жылғы 17,6 пайыздан 2023 жылы 14,1 пайызға дейін төмендеді.

"Халық арасында қолма-қол ақшасыз операциялар жасаудың ең сұранысқа ие тәсілі интернет-және мобильді банкинг болып табылады. 2023 жылдың 10 айында қолма-қол ақшасыз операциялардың жалпы құрылымындағы онлайн-операциялардың үлесі саны бойынша 77 пайыз және көлемі бойынша 88,1 пайыз болды.

Күн сайын қазақстандықтар цифрлық банкинг арқылы 331 миллиард теңгеден астам сомаға 23,5 миллионнан астам транзакцияны жүзеге асырады", - деп толықтырды ведомство.