Белгілі журналист Аслан Каженов Бұқаралық спорт туралы өз әлеуметтік желісінде бөлісті,-деп хабарлайды newsroom.kz.
Журналистің жазуынша, бұл тіркесті Қазақстан мен Ресейден басқа ешқандай ел қолданбайды екен.
"Бұқаралық спорт деген түсінік бар. Біраз жерде қолданып жүрміз. Біраздан бері де қолданып жүрміз. Біреу білсе, біреу білмес, бұл тіркесті бізден басқа ешкім пайдаланбайды. Бізден басқа болғанда, Қазақстанда және Ресейде ғана бар. Оны, тіпті, заңға да енгізіп қойдық. Қалған елдер «дене шынықтыру» немесе «дене белсенділігі» дегенді қолданып жүр. Бүкіл әлем. Бұған дейін КСРО құрамында болған мемлекеттер де",-деп жазды журналист.
Қазір үлкен қозғалысқа айналған бұл "бұқаралық спорт" орыстың "массовый спорт" деген тіркесінен шыққан көрінеді.
"Кезінде марксизм-ленинизм иделогиясын насихаттағанда «спорт в массы» деген тіркес болды. Орекеңдер оны кейін «массовый спорт» деп ыңғайлап алды. Біз де елпілдеп, «бұқаралық спорт» деп ұрып жүрміз. Қысқасы, қазір оны үлкен қозғалысқа айналдырып, қыруар қаржы бөліп, тіпті, кейбір адамдар үшін нағыз майшелпек те жасап қойдық",- деп жазды Аслан Каженов.
Сондай-ақ, журналистің жазуынша, бұл қарапайым дене шынықтыру екен.
"Енді қарапайым логикаға салып көрейік. Жүгіру спорты бар, секіру спорты бар, жүзу спорты бар. Ал, бұқаралық спорт деген бар ма? Не ол? Қандай ол? Нақты анықтамасын түсіндіріп, форматын айқындап бере алатын адам болса, пікір таластыруға дайынмын. Менің түсінігімде, бұл – адамдардың жаппай спортпен, оның ішінде қолжетімді әрі қарапайым дене қимылдарымен тұрақты шұғылдануы. Яғни, дене шынықтыру.
Байқадыңыз ба? Дене шынықтыру десек, бірден түсінік өзгереді. Оған миллиардтаған қаржы бөліп, мыңдаған шара өткізіп керек емес. Өйткені, дене шынықтырумен балабақшада да, мектепте де, университетте де, еңбек ұжымында да, тіпті, зейнет жасында да айналысуға болады. Әрине, мемлекет көңілді бөлу керек. Бірақ, түсініксіз бұқаралық спортқа емес. Нақты дене шынықтыруға",-деп жазды ол.
Сөздерді дұрыс қолдану арқылы санамыз жаңғырып, көзқарасымыз дұрыс болады дейді Аслан Каженов.
"Екі сөзді ауыстырғаннан не пайда, басқа мәселе де жетеді деуіңіз мүмкін. Жоқ. Санамыз жаңғырады. Көзқарас дұрысталады. Бүкіл әлем «дене шынықтыруды» қолданғанда, неге біз басқа бағытқа қарай жүреміз? Бұл мәселені біраз жерде көтердім. Бірақ, салаға жауаптылар артын сұйылтып, бұрып жіберуге тырасады. Олар неден қорқады? Әлемдік тәжірибені неге негізге алмаймыз? Жүйелі өзгеріс неге енгізбейміз?,-деп жазды ол.