Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Ұлтүстілік және ұлттық деңгей – сарапшы Президент сұхбаты жайлы

Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD Нұрбек Серікұлы Пұсырманов пікір білдірді

Ұлтүстілік және ұлттық деңгей – сарапшы Президент сұхбаты жайлы
Фото: ктк

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатынан қоғамдық санада қалыптасып үлгерген сан сауалдарға орынды жауаптар табуға болады. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD Нұрбек Серікұлы Пұсырманов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды newsroom.kz порталы Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

«Сұхбат мәні «саясат, экономика және идеология» тізбегін қамти отырып, мемлекеттің ұлттық негіздерінің күшеюіне сұранысты өсіріп отыр. Бұл ретте азаматтарды еңбекқорлық пен жасампаздық, білімпаздық пен жаңашылдық секілді базалық құндылықтар аясында топтасуға шақырды. Одан әрі қоғамды біріктірудегі үш түрлі деңгейлі жобаларды тиімді басқару қажеттігін атап өтті.

Біріншіден, ұлтүстілік деңгей, яғни ұлт мүддесін ескере отырып, бірқатар халықаралық ұйымдарға төрағалық ету. Оның үстіне Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу Ұлы дала мұрагерлері ықпалдастығы мызғымастығын тереңдетіп, әлемдік өркениеттің бөлігі ретінде ұсынылады. 

Екіншіден, ұлттық деңгей. Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақым­жан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Жошы ұлысының іргесі қаланғанына – 800 жыл. Оның ұлттық сипатын мемлекеттілік идеясы шеңберінде игеру маңызды», - дейді сарапшы.

Сонымен қатар спикердің пікірінше, АЭС құрылысы жалпыхалықтық референдумға шығады. Ол да болашақ дамуы үшін қажетті қадам. 

Өзіміздің төл жаңа жылымыз – әз Наурыз мейрамы – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуімізге назар аудартты. 

«Үшіншіден, жергілікті деңгей, бұл - әкімдердің жаңа сападағы жұмыс дағдысының қалыптасуы. Тоқаев басқаруындағы айрықшалық «ескі жүйедегідей» жоғарыдан емес, төменнен жоғарыға қарай саясат жасауға ұмтылысы. Бұл өз кезегінде әрбір мәселенің өз деңгейінде шешілуіне алып келуі керек. Қоғам тарапынан туындаған қарама-қайшылықты саналық қабылдау жүйесінде Президент дәйекті топтасу моделін ұсынып отыр. Әділетті Қазақстан құруда түрлі даму сценарийлері бар. Бұл ретте халықтың әл ауқатын сапалық жаңа деңгейге көтеруге бағытталған орнықты сценариймен даму үшін стратегиялық бағытымыз «идеялық топтасу» моделін басшылыққа алу өзекті», - деді Нұрбек Серікұлы.