Қырғызстанда мемлекеттік орган лауазымдығына үміткерлерді өтірік детекторында (полиграф) тексермекші екен. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы Құдайберген Базарбаев мәлімдеді,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы 24kg сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, кандидаттардың өтірік детекторынан өтуінің негізгі мақсаты - сыбайлас жемқорлыққа бейімділігін тексеру екен. Шенеунік сонымен қатар, детектормен тексеру "патриоттарды шығаруға" мүмкіндік береді деп санайды.
Басшылық лауазымдарға үміткерлерді тестілеу үшін үміткерлердің IQ деңгейін, көшбасшылық әлеуетін анықтауға және олардың кәсіби, адами және психологиялық қасиеттерін бағалауға арналған жабдық сатып алынды.
Қазіргі уақытта тиісті нормативтік-құқықтық актілер әзірленіп жатқаны атап өтілді.
Бұл биліктің полиграфты қолданудағы алғашқы әрекеті емес. 2020 жылы Әділет министрлігі жоғарғы және жергілікті соттардың, сондай-ақ Конституциялық Палатаның судьялары лауазымдарына орналасуға кандидаттардың полиграфологиялық зерттеуден өту тәртібін қайта қарауды ұсынған еді.