FlyArystan әуе компаниясы 18 желтоқсан күні ұшақта болған оқиға туралы мәлім етті, деп хабарлайды newsroom.kz сайты el.kz-ке сілтеме жасап.
Ұшақта қазақстандық танымал әнші әрі актер бортсерікке шабуыл жасап, маңдайынан ұрған. Сондықтан рейс 1 сағатқа кешіктірілген. Алайда, әуе компания әртістің аты-жөнін жариялаған жоқ.
Жолаушы өзінің сыртқы киімінің багаж сөрелерінде мыжылғанына қарсылық білдірді, содан кейін бортсерік жолаушының сыртқы киімін қол жүгінің үстіне қоюға көмектесу үшін сөреден алып кеткен, бірақ жолаушы өз күртесін тартып алып, бортсеріктің маңдайынан ұрған. Салдарынан қызметкер физикалық және психоэмоционалдық зардап шегіп, рейс 1 сағатқа кешіктірілді, - делінген FlyArystan ақпаратында.
Әуе компаниясының қызметкерлеріне қатысты физикалық күш қолдануға қатысты қылмыстық іс тіркелген. Жолаушы полицияға тапсырылып, оған 440-бап бойынша айып тағылды. Бортсерік қосымша тергеу үшін сот-медициналық сараптамадан өтті.