Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
7 желтоқсан, 2023 / Рысжан Амантай / Қылмыс

Астаналық тұрғын жалға алған пәтерін тонап кетіпті

Елордада тұрғын жалға алған пәтердің ішіндегі заттарды тып-типыл тонап кеткен

Астаналық тұрғын жалға алған пәтерін тонап кетіпті
фото: trk.sud.kz

Астаналық тұрғын жалдап тұрған пәтерін тонады деген күдікке ілінді,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Есіл ауданының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері ірі ұрлық жасады деген күдікпен 30 жастағы астаналық ер адамды ұстады. 

Елорда тұрғыны жалға берілетін баспананы хабарландыру арқылы тауып, пәтер иесімен сөйлесіп, пәтерді ұзақ мерзімге жалға алуға дайын екенін айтқан. Ол пәтер ақысының бірінші айын бірнеше күннен кейін, кейін ай сайын төлеп тұруға уәде берген.

Бес күннен соң пәтер ақысын алуға келген үй иесі сан соғып қалғанын түсінген. Пәтерді жалға алмақ болған жігіт жалпы құны 200 мың теңге болатын тұрмыстық техникаларды тып-типыл етіп тонап кеткен. Алданғанын түсінген әйел полицияға шағымданыпты.

Күдікті көп ұзамай ұсталды. Оның бұған дейін де сотталғаны белгілі болды. Қазір оның үстінен "Ұрлық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, полицейлер оның елордада осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.