Түркістанда қонақжай үйлерінің өкілдеріне тренинг өтті

Бүгін Түркістан қаласы, Халықаралық туризм және меймандостық университетінде «Тұрақты туризм тұжырымдамасы бойынша қонақжай үйлерді ашу және дамыту» тақырыбында тренинг ұйымдастырылды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Облыстық мәдениет және туризм басқармасына қарасты «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен өткен тренингте білікті сарапшылар өңірдегі қонақжай үйлерінің өкілдеріне кеңестер берді. Атап айтқанда, қонақжай үйлерде көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және туристерді қабылдау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тәжірибе алмасты. Оның ішінде ауылда экотуризмді дамытудың артықшылықтары, ауыл туризміндегі кәсіпкерлік, қонақжай үйін ашу үшін не қажет, оның сапа стандарттары мен талаптары сөз болды. Қонақжай үйлерінің басшылары өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды, деп хабарлайды newsroom.kz.

Тренинг аясында «Қазақстан туристік ассоциациясының» сарапшылары 30 қазан - 2 қараша аралығында төрт күн бойы Түркістан қаласы мен Төлеби ауданындағы барлық қонақжай үйлерін аралады. Үш деңгей бойынша әрбір пунктке балл қойылып, санаттары анықталды. Соған сәйкес іс-шара барысында сертификаттар табысталды.

«Үздік қонақжай үйі» конкурсының нәтижелері анықталды. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең - қонақжай үйді сертификаттау және санатын анықтау, екінші кезең - «Мен туристті қалай қарсы аламын? Менің қонақжай үйімдегі туристтің ең жақсы күні» атты тақырыбында видео түсіру және көрсету талабы жүктелді. Үміктерлер өз қонақжай үйлерінің қызмет ерекшеліктерін таныстырды.

Нәтижесінде Төлеби ауданындағы «Сейітбек», «№1» және Түркістан қаласындағы «Ethno Hostel Turkistan» қонақжай үйлері жоғары балл жинап, көшбасшы атанды. Оларға өз бизнестерін ілгерілету үшін 300 мың теңгеден қаржылай марапат берілді.

«Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ЖШС-нің бас директорының орынбасары Нұрхан Нұрланұлы, Орталық Азия индустриялық туризм қауымдастығының президенті (ITACA) Гүлмира Ахбердиева қонақжай үйлерінің өкілдеріне туризмді дамытуға қосып жатқан үлестері үшін алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта да түрлі қолдаулар жасалатынын атап өтті.

Айта кетейік, Түркістан облысы — тарихи және мәдени мұраға бай, ашық аспан астындағы өзіндік мұражай болып табылады. Түркістан өңірінде туризмнің 3 бағыты айқындалған. Олар: тарихи-танымдық (зиярат), экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі. Облыс аумағында 1770 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Сондай-ақ 4 ерекше қорғалатын табиғи объект орналасқан. 72 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді. Қонақ үйлер, хостелдер, демалыс орындары, балалар лагерлерін қоса есептегенде, облыста 220 орналастыру орны келушілерге қызмет етеді.

2023 жылдың II тоқсан қорытындысы бойынша облыс аумағындағы орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген келушілер саны 115 мыңнан астам адамды құрады. Биыл 9 айда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне бір күндік келушілер саны 566 мыңға жетсе, «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейіне бір күндік келушілер саны 238 мыңнан асады.

Айта кетсек, Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы.  Облысында туризмді, ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың, бизнестің, инфрақұрылым мен жолдың дамуына серпін бере отырып, Түркістанның тек киелі мекен емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етеді.  Жаңа әлеуметтік нысандар, тұрғын үй және басқа да жобалар қарқынды түрде жүзеге асырылады.

Түркістан – ежелден сауда-саттықтың ортасы, ынтымақтың ордасы. Сондықтан, Түркістанды облыс орталығына айналдыру – сөзсіз Елбасының ең бір ұтқыр шешімі. Биылдан бастап қаланың Ұлы Жібек жолының бойындағы құндылығы арта түседі.

Түркістан облысының туристік әлеуеті жоғары. Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған.  Облыстың орталығы Түркістан қаласы тарихи туризмнің алтын ұясы. Қала басында қала қонақтары мен тұрғындарына қажетті ойын-сауық орталығы, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквопарк, споттық демалыс нысандар, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынған. Туристерге толықтай сапалы қызмет көрсете алатын орындар баршылық деген сөз.

Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. Облыстағы ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесі,  Бәйдібек би ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас аудандарының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қо-рықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі талай саяхатшыларды тамсандырған мекендер.

Өткен жылы Түркістан облысында 1 миллион 300 мыңнан астам турист келген. Облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму және туризм басқармасының мәліметінше сол туристердің басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, АҚШ, ҚХР, Германия және Италия азаматтары екен. Шетелдіктерден бөлек өзіміздің Қазақстанның барлық ай-мағынан шипажайларға, тарихи орындарға келушілер көп. Демек, туризм Оңтүстік үшін таптырмас табыс көзі болғалы тұр. Облыс орталығы Түркістан қаласының бір өзі Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде талай туристі қонақжайлықпен қарсы алатын анық. Өткен жылы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістанды туристік қалаға, туризм орталығына айналдыру күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі екенін, жылына 1 миллионнан астам турист келетін аймаққа алдағы жылдары 1 миллионға жуық түркиялық туристің келуге дайын екенін айтқан болатын. Соған сай сервистік қызметтердің сапасын да жоғары талапқа сай етуді, қаланың туристік әлеуетін арттыру бойынша нақты қадамдық іс шара жоспарын бе-кітуді тиісті мекемелерге тапсырды. Облыс орталығы атанған уақыттан бұл жұмыстар барынша ұлғая түсті.

Ежелден рухани астана саналған Түркістан қаласы туризм кластері бойынша дамып, жылына миллиондаған туристі қабылдайтын күнге жетеді. Туризм – Қазақстан экономикасындағы қарқынды салалардың бірі. Қазақстанның әрбір аймағы – туризм кластерінің ошағы.  Еуразия кіндігінде орналасқан, Ұлы Жібек жолының дархан даласына айналған өлке де ертеден қала соғылды, мәдени ошақтар салынды. Ғажайыбы сырға толы өзен-көлдер мен тау-тастар, ормандар мен шөлейіттер массиві тарихи кезеңдердің куәсі болды. Мыңжылдық өркениет тоғысы бар шежірелі қалалар талай соғысты бастан өткізді. Қазақ хандығының, Қыпшақ ұлысының, Түрік қағанатының астанасы болған қалалар да жетерлік. Ондай қалалардағы ескерткіштер, мәдени орындар, ескі ғимараттар шежірелі тарих болып қалмақ. 

1500 жылдан астам тарихы бар, Қазақ хандығының астанасы болған, шартарапқа кеткен керуен жолдарының тоғысқан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған -  Түркістан қаласының тарихи туристік нысандары туралы аз-кем тоқталып өтсек.

Шавғардан Түркістанға дейін

Түркістан қаласының тарихы 2 мыңжылдықтан бері келе жатыр. Алғаш қала атауы Шавғар деген атпен араб жазбаларындағы деректерде кездеседі. Ол – ежелден Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала. XІV ғасырда Қожа Ахмет Иассауи кесенесі салынған кейін Түркі әлемінің діни орталығына айналды. ХV ғасырдан бастап Түркістан қаласы саяси және экономикалық орталық болды. 1598 жылы ол біржолата Қазақ хандығының астанасы деп танылды. Бүгінде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмед Иассауи кесенесінде қазақ хандары жерленген.

Жүктелуде...