Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Битанов Жангелді Нұрғалиұлы елдегі діни идеология туралы сөз қозғады,- деп хабарлайды newsroom.kz Түркістан облысы дін істер басқармасына сілтеме жасап.
Дін-жеке тұлға үшін «Мен кіммін?», топтар үшін «Біз кімбіз?» деген сұрақтардың жауабын береді. Әлі күнге дейін «Өмірге неге келдім?» «Өлімнен кейін өмір бар ма?», «Құдай бар ма? Бар болса қандай?» сынды сұрақтарға діннен артық жауап беретін институт жоқ. Міне, сондықтан да ғалымдар өлімге шара табылмайынша, дінге деген қажеттілік жойылмайды деген. Сонымен қатар, дін адамның қоғамда өз орнын табуға, басқаға деген көзқарасын және ұстанымын бекітуіне әсер етеді. Дін осы қызметімен әртүрлі ортада, түрлі оқиғалармен кезіккенде қандай ұстанымда болу керектігін көрсетеді. Дін адамдарға белгілі бір көзқарас қалыптастырады. Тұлға діннің ықпалымен белгілі бір санаға, дүниеге деген көзқарасқа ие болады. Мәселен, бір сенуші діннің талабына сай дүниеге жақсы көзқарас танытса, енді бірі олай қарамауы мүмкін. Яғни, адамдар дінге сүйене отырып, заттарға, табиғатқа, әлеуметтік оқиғаларға қатысты өзіндік ұстаным қалыптастырады. Дін ауыр жағдайларда, адамның басына қиындық түскен кезде өмірдің өткінші, жалған екенін еске салып, жұбатушылық қызмет атқарады. Тағдыр, кез-келген адамның да басына түсуі мүмкін ауыр дерт, жақын адамнан айырылу, мүмкіндігі шектеулі күйде немесе жағдайы қиын аймақтарда дүниеге келуі сынды жайттарды өмірдің сынағы, заңдылығы деп түсіндіреді. Бұны діннен өзге ешбір институт түсіндіріп бере алмайды. Осындай қиын жағдайларда дүниенің өткінші екенін еске салып, сабырлыққа үндейді. Діндер тарихын зерттеушілер, дінтанушылар әлемдегі діндердің шығу тарихы мен ерекшеліктеріне қарай бірнеше топтарға бөледі. Тайпалық діндер (алғашқы тайпаларда кездескен діндер).
Ұлттық діндер (бір ғана ұлт өкілдері ұстанатын діндер: индуизмді үндістер, сихизмді жапондар ғана ұстанады).
Әлемдік діндер (әлемдегі көптеген ұлттар мен ұлыстардың ұстанатын діні: Ислам, Христиан, Буддизм.
Дінтанушы ғалымдар тайпалық, ұлттық және әлемдік діндерден бөлек дінге ешқандай қатысы жоқ, яки, дін деп атауға болмайтын кейбір топтарды «Дәстүрлі емес культтар немесе дәстүрлі емес діни ағымдар» деп атайды.
Дін бір жағынан қоғамда бүкіл сенушілерді біріктіріп, бір-бірімен байланысты қызмет атқарады. Қоғам – белгілі бір уақыт пен мекенді бөліскен адамдар құрайтын топтан әлдеқайда маңызды нәрсе екеніне күмән жоқ. Тұлғаны осы мағынада қоғаммен байланыстыратын, қоғамның бірігуіне маңызды үлес қосатын феномендердің бірі, тіпті бірегейі – дін.
Сенім тек біріктіріп қана қоймай, діни мәтіндерді әр түрлі түсіну, діннің шартарапқа таралуы, т.б. себептермен қарама-қайшылықтың туындауына, осы арқылы діни бірліктің бұзылуына алып барған. Бұл құбылысты барлық діннен, тарихтың және қоғамның барлық кезеңінен кездестіре аламыз. Негізінде, қандай діни топ болса да, дін мүшелерінен тұратын топ, жамағат, ұйымның, кең мағынада алғанда үмбеттің ішінде пайда болған шағын топтардың шығуында көбінесе сенімнің орны ерекше. Дін бір жағынан қоғамда бүкіл сенушілерді біріктіріп, бір-бірімен араластыратын қызмет атқарады. Дегенмен, екінші жағынан сенімге қатысты мәселеде туындаған пікірталас пен көзқарас айырмашылығынан бастау алған ерекшеліктер қоғамда бөлуші қызмет те атқара алады. Алайда, діннің біріктіруші қызметі, бөлуші қызметіне қарағанда қуаттырақ.
Идеология дегеніміз белгілі бір мақсатқа бағытталған идеялар жүйесі. Осы идеяларды жүзеге асыру арқылы ұлттық немесе әлеуметтік топтың түпкілікті мақсатқа жетуі көзделеді. Сонымен идеология жеке мүддені қолпаштайтын белгілі бір жүйеге келтіріліп, өңделген көзқарастардың жинтығы болып табылады. Мұндай жүйелерді арнай идеологиялық қызметкерлер жасайды.
Идеология да, қақтығыста үлкен себептердің бірі. Мәселен, этникалық идеологиялар, ұлтшылдық, діни идеологиялар, діни сипаттағы идеологиялар, зайырлы идеологиялар, әр түрлі ағымдар әлеуметтік топтардың қайшылыққа түсуінде маңызды орын алады. Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында мұсылмандарға қатысты оқиғаларға біржақты, әдетте жауапкершіліксіз орын беру – исламофобиялық сезім мен әрекеттерді жандандыра түсетін жағдай байқалады. Ислами рәміздермен фигуралар тек қана маргинал ғаламтор сайттарында емес, ара-тұра танымал ақпарат құралдарында да, мазаққа айналған. Жаңалықтарда, теледидар бағдарламаларында, саяси және діни пікірталастарда ислам мен мұсылмандарға қатысты жағымсыз сөздер қолданылып жүр. Ислам діні жайлы жыныстық теңсіздік, басқыншыл, надандыққа шақырушы, зорлық-зомбылық және ақылды қолданбауға шақыратын дін ретінде сипаттайтын сөздерді тізіп айтады. Бұл да идеологияның жемісі.
Жақында ғана мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның мінберінде қасиетті кітаптың мұсылман қауым үшін қадірін жеткізді. Игілік жолы Исламнан бөлек, әр ұлттың мәдениетіне ілтипат танытуда жатыр. «Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс. Түптеп келгенде, бейбітшілік мәдениеті тек «бірлігіміз – әралуандығымызда» және өзара құрмет қағидаттарына негізделе алады. Сондықтан Мен, Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің елеулі рөлін мақтан тұтамын»-деген болатын. Қазақстан әлемдік кеңістікте діндер арасындағы бірлікті сақтауды әлемге көрсетіп келе жатқан елдердің бірі десекте болады.
Әлемдік дәстүрлі дінге сенушілер өздерін православ, мұсылман деушілер, басқа да діндегілер діндарлықтың әртүрлі деңгейінде болуда. Біреулер діни канондармен өмір сүрсе, екіншілердің діни дүниетанымы айқындалмаған, үшіншілері, енді, дінге ықылас танытып, діни кітаптарды оқи бастаған, сенім мен күдіктің арасында жүргендер де бар. Тіпті, діндеміз дегендердің белгілі бөлігі мешіт, шіркеу табалдырығын аттамағандар, олар кейде салт-дәстүрлерді орындайды.
Дәстүрлі қазақ қоғамында діншілдік бала күнінен отбасы, медресе, басқа діни оқу орындарынан санаға сіңіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырған. Социализм тұсында ол институттар өз маңызын жойды. Бүгін адамның әлем, қоғам, табиғат туралы дүниетанымын тек дін емес, негізін зайырлы білім де қалыптастырады. Бүгінгі діндер де бұрынғыдай барлық қызметі мен орны анықталған, нақтыланған діндер емес, ауқымды көп салада, бәсекелестік жағдайында өмірге араласа бастады.
Қорыта келе, бүгін бұрынғыдан гөрі, адамдардың рухани сұраныстары өсіп тұрған заманда интернет ақпараттары діни қажеттілікті қанағаттандырушы қызмет атқаруда. Интернет заманында дәстүрлі наным-сенім бірте-бірте босаңсып, ақпараттық заман қауіп төндіре бастады. Бір жағынан, шектен шыққан діншілдік, фанатизм, екінші жағынан, дінге деген селқостық. Қай жат дінде де, қай заманда да екіжүзділік болған, бола береді. Мешіттерде, шіркеулерде синагогтарда адамдардың дін таңдауына да құқы бар. Сол шексіз еркіндік діннің шырқын бұзып, кесел келтіреді, қалыптасқан бағыттан, дәстүрлі діннен айырылуға әкеледі. Сондықтан кезкелген дәстүрлі діни идеологияда адамды бірлікке, татулықта үндейтін қызметін атқара береді,- деп жазды ол.