Қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылық етек ала бастады. Жас жұбайлардың арасында да кикілжің болып жататыны жасырын емес. Осы ретте Түркістан облысы «Көмек» орталығының басшысы Мәлика Жүсіпова зорлық-зомбылықтың неден туындайтынын айтты,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы baq.kz-ке сілтеме жасап.
Елімізде әйелдер мен балалардың құқығын қорғайтын заң болу қажет. Әр әйел өз құқығын біліп, отбасындағы зорлық-зомбылыққа түскен жағдайда қайда барып, не істеу керектігін білу керек. Әйел 4-5 бала-шағасын алып неге үйінен кетеді? Балалардың психологиясына кері әсер етпеудің жолдарын қарастыру керек. Себебі отбасындағы жанжалдан зардап шегетін балалар. Бала - біздің болашағымыз, олардың да отбасында зорлық-зомбылық қайталанбауын қадағалаумыз қажет. Осы ретте айта кетерлігі, үйдегі ұрыс-керісті бастайтын ер адамдар ғана емес, отбасының жақын туыстары, құрбылары, ата-енесі әсер етуі мүмкін. Бүгінде қызғаншақтық, түсінбеушілік, бір-біріне сенімі жоқ отбасылар көбейіп келеді. Осы фактілерден зорлық-зомбылық пайда болады. Сол себептен жастар отбасылық құндылыққа мән беруі керек.
Қыз отбасындағы зорлық-зомбылыққа тап болмас үшін не істеу керек?
Қыз баласы жастайынан өзін дамытып, өзін құрметтеу керек. Өзін жақсы көретін, өзіне сенімді әйел қандай отбасына келін болып түссе де, ешқашан қор болмайды. Кейбір қыздар күйеуіне сеніп, тұрмыс құрады. Дегенмен қыз баласы өзін жеке тұлға ретінде дамытып, кәсіппен айналысып, әдемі болып жүрсе, ер азаматы да оны құрметтейді. Себебі адам өзін қадірлей алмай, біреуден оны талап ете алмайды. Қазір көптеген қызымыз әдемі, бірақ олардың ішкі дүниесі соған сай болуы керек. Тең-теңімен дейміз ғой, екі жастың ақыл-ойы ұштасып, мақсаттары бір болғанда, жақсы отбасын құрып, сақтап қала алады. Біздің орталыққа келетіндер жас қыздар. Бәрі шетінен сұлу. Бірақ барлығы 2-3 бала босанған, өздерінің құқығын білмейді. Не қолдан келетін кәсіппен айналыспай, алған дипломы бойынша жұмыс істемей, күйеуінің көлеңкесінде қалып қойған. Күйеуінен зәбір көріп, соған көніп жүре береді. Мәселен, біздің орталыққа 27 жастағы бір келіншек келді. Оның айтуынша, күйеуінен ақша сұрап, қаржы жетіспеушілігінен ұрыс көп болған. Ақыры отбасындағы зорлық-зомбылыққа шыдамай, бізге келген. Әлгі қыздың қолынан іс тігу келеді екен. Балаларына жемпір, күрте, жейде тігеді екен. Дегенмен онымен кәсіп бастап кетуге қорыққан. Осылайша біз ол қызға өз-өзіне сенімді болуды, кәсіппен айналысуға мүмкіндік бердік. Кішігірім грант ұтып алды. Тапсырысқа киім тігіп, өзі қаржы таба бастады. Сегіз айдан кейін күйеуімен табысып, үйіне қайтты. Ал қазір біздің орталықтағы әйелдерге тігінді үйретіп, балаларға киім тігіп береді. Яғни жас отбасылардың арасында қаржының жетіспеуі мәселелерді туындатады. Біздің орталыққа келген қыз-келіншектер де қаржылық қиындықтың айналып өтпейтінін алға тартады.
Отбасындағы зорлық-зомбылық әлеуметтік жағдайдың төмендігінен де туындайды?
Біздің қоғамда жас отбасылардың әлеуметтік жағдайы нашар. Жастардың көбінде өз үйі, қосымша табысы жоқ. Ер адамның тапқан табысы жалдамалы пәтерді төлеуге, азық-түлік алуға кетеді. Ал үйде баламен отырған әйел ер азаматына керек-жарағын алып беруді сұрайды. Ер адамның отбасымен қыдыруға, бағалы заттар алып, әйелін қуантуға қаржылай мүмкіндігі болмайды. Ұрыс үлкен мәселелерден туындамайды. Ол кішкентай ғана затты алуға ақша бермеуден, бірге қыдырмағаннан басталады. Әйелдер қарапайым далап алуға ерінен қаржы сұрайды. Ал жігіттің әйелін қамтасыз етуге жағдайы жетпейді. Ал қазір әлеуметтік желілердегі бай-бағландардың, тұрмыста болмаған қыздардың еркіндік, өз қаржыңды өзің тап деген видеоларын көріп, нали бастайды. Сол себептен, мен айтар едім, елімізде жас отбасылардың жағдайын жасауға көмек көрсетіп, ең болмаса, тұрғын үй мәселесін шешу қажет. Себебі отбасындағы тәрбиеден бөлек, әлеуметтік мәселелер тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа жетелейді. Жастар отбасын құрар алдында психологиялық тұрғыда дайын болуы керек. Алдағы уақытта қандай қиындықтарға тап боларын, мұндай сәттерде қалай әрекет ететінін ақылдасып, сол адамның қандай реакция беретініне көз жеткізу керек. Мен, әсіресе, қыз балаларына айтарым, білім алып, жұмыс істеп жүргенде тұрмысқа шығу қажет. Сонда ғана адам саналы түрде отбасын сақтап қалады. Бүгінде жастар ойсыз бір-бірлеріне сеніп, отбасын құрады. Бұрындары қыз балаға айтатын еді «Тұрмысқа шығатын отбасыңның әкесі, анасы қандай екенін, қандай ортадан шыққанын біл» деп. Ал қазір жастар көзді жұмып үлкен қадамға барады. Қазақта «үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөз бар. Отбасына келін болып түскеннен кейін ол жақтағы қарым-қатынас, өздерін ұстауы оған ұнамауы мүмкін. Өз отбасыңда алған тәрбие мен кереғар талаптар болады. Бірақ қыз баласы бұған дайын болып, өзін сол отбасының адамындай сіңісе білгені жөн. Сол себептен жастарға бірінші білім керек деп есептеймін.
«Көмек» орталығына келген әйелдердің әрмен қарай отбасылық жағдайы жақсы болып кеткенін қадағалайсыздар ма?
Оңтүстік өңірлерде, өзіңіз білесіз, келін ата-енесімен тұрады. Отбасындағы жағдайларды көпке айта алмайды. Айтса, ауыл ішінде ұятқа қаламын деген уайым болады. Ал егер отбасындағы әңгіме сыртқа шықса, ондай үйдегі мәселе тіпті ушығып кетуі мүмкін. Сол себептен біз ауыл не аудандағы қыз-келіншектердің WhatsApp тобында отырамыз. Егер отбасылық зорлық-зомбылық болса, бізге хабарласып, орталыққа келуге көндіреміз. Қыз-келіншектер өз отбасына қайту жайлы шешім қабылдаса, біз сол отбасымен сөйлесіп, барлығы жақсы болғанына көз жеткіземіз. Әрмен қарай әйелдер кеңесінің төрағасы, ақсақалдар алқасының басшылары сол отбасындағы жағдайды сұрап тұрады. Осылайша, келіннің де артынан қорғаушылары бар екендігін ол отбасының есіне түсіріп, қысымның болмауына көз жеткіземіз.