Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
21 қараша, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Түркістан: Төлеби ауданы толық табиғи газбен қамтылды

Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы Қасқасу ауылдық округ тұрғындарына табиғи газ нысаны пайдалануға берілді.

Түркістан: Төлеби ауданы толық табиғи газбен қамтылды
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Тұрғындардың қуанышты сәтін бөлісуге арнайы барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындармен пікірлесіп, ауданды дамыту бағытында белсенді болуға шақырды, деп хабарлайды newsroom.kz.

– Тұрғындармен кездесулерде көтерілген мәселелердің басым көпшілігі инфрақұрылымға қатысты. Жергілікті халықтың сұранысын ескере отырып, ең қажет дүниелерді, мүмкіндігінше, бірініші кезекте орындауға жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Ауыл тұрғындары да өзінің туған жерін гүлдендіруге үлес қосса, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Ортақ мақсат – өңір экономикасын көтеру, кәсіпорындар мен жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың әл-ауқатын арттыру, – деді облыс басшысы.

Аталған нысанның құрылыс жұмыстары мердігер мекеме «Аzia RC» ЖШС тарапынан 2021 жылы басталды. Конурстық құны – 723 594,5 мың теңге. Газ құбырының жалпы ұзындығы – 66,1 шақырым. Абонент саны – 1021.

Қазіргі уақытта 3 дана газ реттеу пункті, 687 газ реттеуші шкаф бекеті орнатылды. Бұдан бөлек, жобада қаралмаған 105 үйге қосымша газ құбыры тартылды. Қасқасу, Жоғарғы Қасқасу, Керегетас елді мекендерінің газ құбырлары сығымдаудан өтіп, іске қосылды. Нәтижесінде 1021 абонент немесе 5200 тұрғын газбен қамтылады. Ауданды газбен қамту деңгейі 100 пайызды құрайды. Жауапты мамандар тарапынан құжаттандыру бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бүгінде елді мекендердегі 574 үй газға қосылып үлгерді. Оның ішінде, 15 отбасына демеушілер есебінен газ құбырын үйге дейін тарту жұмыстары жүргізілді.

Айта кетейік, бүгінгі таңға дейін Төлеби ауданында табиғи газға 55 елді мекеннің 51-і қосылған. 21 149 абонент немесе 115 366 адам газға қосылып, қамтылу деңгейі 93 пайызды құрады. 2022 жылы Ленгір қаласының Күмістөбе, Кенші көшелері, Достық елді мекенінің Астана көшесі, Киелітас елді мекені Қарауылтөбе, Қорған көшелеріне газ құбырын тарту толық аяқталды. Сонымен қатар Көксәйек елді мекеніндегі Төлеби, Айтеке би, Тұрсынбай көшелерін және Бірінші Мамыр ауылдық округіндегі «Социал» массивін табиғи газбен қамтамасыз етуге 54,1 млн. теңге қаржы қарастырылып, 4,4 шақырым газ құбыры тартылды. Ленгір қаласының Таскешу және Сәулембаев көшелеріне 28,6 млн. теңге, «Солтүстік» мөлтек ауданына 36,5 млн. теңге бөлініп, кварталішілік газ құбыры тартылды. Аталған елді мекендер биыл толық газға қосылды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі