Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
20 қараша, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Түркістан: Шардара ауданында қызылшаға қарсы күрес жұмыстары жүргізілді

Қызылша жұқпалы ауруының алдын алу мақсатында Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаевтың тапсырмасымен арнайы штаб құрылып, нақты жұмыс жоспарлары бекітілді.

Түркістан: Шардара ауданында қызылшаға қарсы күрес жұмыстары жүргізілді
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жоспарға сай мамандар жер-жерлерде тұрғындармен кездесулер өткізіп, жұқпалы ауруға қарсы екпе алудың маңыздылығын түсіндіруде, деп хабарлайды newsroom.kz.

Мамандардың айтуынша, аудандағы қосымша жаппай иммундауға жататын 6 ай мен 10 айдың аралығындағы балалар саны 569 болса, 2 жас пен 4 жас аралығындағы бүлдіршіндердің саны 5466-ны құрап отыр. Ал гриппол ауруына қарсы 8932 тұлғағаның 8241-іне екпе егіліп, жоспар 91,7%-ға орындалған.

Ауданда жыл басынан бері қызылша ауруымен тіркелген 51 науқастың 45-і 14 жасқа дейінгі балалар болса, 6-ы ересектер. 9 науқас жұқпалы аурулар бөлімшесінде ем қабылдап жатыр.

– Қызылшамен ауырған өренді өзге балалардан бөлек ұстаған жөн. Әсіресе, туберкулезбен немесе бойға сіңіп кеткен басқа да созылмалы аурумен ауыратын балаларды сақтандыру керек. Сырқат бала өзге үйге келуіне болмайды. Қызылша ауруы бар үйдің балалары мектепке, дүкенге немесе басқа да қоғамдық орындарға 10 күнге дейін бармауын қадағалаған артық емес. Жас балалар организмінің қызылша ауруына қарсы тұрып, шетінемеуі үшін олардың жетіліп, ет алуы қажет. Ал 8 айдан 14 айға дейінгі бала қызылшаға қарсы егілу керек, – дейді Шардара аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Мұхитдин Сейтханов.

Айта кетсек, қызылша ауруы пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулармен қауіпті. Медициналық көмекке кеш жүгінгенде және қызылшамен қатар басқа аурулар болған жағдайда бұл асқынулар өлімге әкелуі мүмкін. Мамандар қызба, бас ауруы, әлсіздік секілді аурудың алғашқы белгілері және бөртпе пайда болған кезде дәрігерлермен кеңесіп, оның барлық ұсынымдарын орындау керек екендігін қатаң ескертеді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі