Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
14 қараша, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Сауранда спорт мектебі ашылды

Сауран ауданында Түркістан облысы спорт басқармасына қарасты Сауран ауданы №1 Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Сауранда спорт мектебі ашылды
Ғаламтор желісінен

Салтанатты жиынға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаев, Түркістан облысы спорт басқармасы басшысының орынбасары Жазира Мүслімова, қысқы спорт түрлерінен Түркістан спорт клубының директоры, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Данияр Исабаев, ҚР Бас Прокуратурасының құқықтық сататистика және арнайы есепке алу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, аға әділет кеңесшісі, ардагер-спортшы Асқар Сапарғалиев, ауыл қариялары жиналған көпшілікті спорт мектебінің ашылуымен құттықтады, деп хабарлайды newsroom.kz.

“Бүгін міне, қуанышты сәттердің куәсі болып отырмыз. Өйткені, ауылдық округте «Әшірәлі ата» спорт кешенінің салтанатты ашылуына қатысып отырмыз. Аудан бойынша осы спорт мектебіне қарасты мектептерде 1080 бала спорттық секцияға қатысса, бұл спорт мектебінде 240 бала жаттығатын болады. Ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалануда және салауатты өмір салтын қалыптастыруда алар орны ерекше және тиер септігі мол болмақ. Сондықтан осындай спорттық шараларға жастарды көптеп тартуда барынша жүйелі жұмыстар атқарып, жұмыстарды үйлестіруіміз қажет”, - деді Серік Өмірханұлы.

Сонымен қатар, шара барысында аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев Түркістан облысында велейболдан жасөспірімдер арасындағы өткен жарыста жүлделі орыннан көрінген жаттықтырушыларды арнайы кубок пен мақтау қағаздарымен марапаттады.

Осы ретте айта кетсек, Түркістан облысында кәсіби және бұқаралық спортты дамытудың жаңа жоспары немесе стратегиясы әзірленеді. Себебі, бұл салада өңірдің әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Бұл туралы таяуда облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық отырысында айтылды. Өңір басшысы спорт саласын дамыту жұмыстарын жандандыру, түбегейлі өзгерістер жасау жөнінде тиісті мамандарға нақты тапсырмалар берді. 

– Облыста бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру жұмыстарын жандандыру қажет. Спортта күрделенген мәселе көп. Халықаралық сайыстардағы нәтижені жақсарту керек. Мәселенің бәрін қаржыға әкеп тіреуге болмайды. Кезінде бұдан да қиын кезеңде Бекзат Саттарханов сынды чемпионымыз шықты. Бапкерлеріміз солардың ізбасарларын таба білгені жөн. Бұқаралық спортты дамытатын іс-шараларды, сайыстарды, марафондарды көбейтіңіздер. Жыл он екі ай бойы сайыстар өтіп тұруы керек. Жалпы, спорт саласын дамыту бойынша сараптама жасап, жаңа саясат, жоспар әзірлеуді тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиында футбол клубтарын қаржыландыруға демеушілерді тарту, бәсекеге қабілетті мықты команда жасақтау, қаржыны олимпиадалық және басқа да спорт түрлеріне бағыттау, «Артспорт» бағдарламасына өзінің спорт ғимараты мен білікті бапкерлері бар кәсіпкерлерді шақыру, спорт федерацияларының жұмысын жандандыру, спорт саласына білікті кадрлар мен мамандарды қабылдау, «Бәйшешек» спорт базасының жұмысын жүйелеу және өзге де мәселелер көтеріліп, ұсыныстар берілді. Сонымен бірге  ауылдарда шахматты жаппай дамыту мәселесі де айтылды. 

Түркістан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараевтың айтуынша, облыстың спорт мекемелерінде спорттың 61 (29 олимпиадалық, 32 олимпиадалық емес) түрі дамытылып, онда 2426 жаттықтырушы 60 мыңға жуық шәкіртті шыңдап жатыр. 

Айта кетейік, 2023 жылға дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар үлесін 42 пайызға жеткізу көзделсе, шұғылданушылар саны 9 айдың қорытындысымен 888 804 адамға жетіп, облыстағы жалпы халықтың 41,63 пайызын құрап отыр.

Жалпы, Түркістан облысында жекпе-жек спорт түрлеріне сұраныс артып отырғаны рас. Оны спортшыларымыздың жеткен жетістіктерінен анық байқауға болады. Жалпы өңірде бокс, таэквондо, дзюдо, күрес түрлері, қазақ күресі, аралас жекпе-жек, т.б. спорт түрлеріне қызығушылық артуда.

Жаңа облыстың құрылғанына көп уақыт болмаса да, бүгінде біршама облыстарды басып озып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Облыста бұдан да жоғары нәтиже көрсету үшін, шалғай аудандардан, ауылдардан спорттық ғимараттар салынса дейміз. Әрине спорттық ғимараттар жоқ деп айтуға да болмайды, біршама ғимараттар қолданысқа беріліп, спортшыларға жаттығу жасауына мүмкіншілік жасалуда. Облыстың спортын әлемдік деңгейде көтеру үшін, біз Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып өткендей, бұқаралық спортты дамытқанымыз жөн. Бұқаралық спортымыз дамымай, облыстың спортын әлемдік деңгейде көтеру мүмкін емес. Бірақ қазір де спортшыларымыздың бірқатары әлемдік деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрінуде. Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының 2021-2025 жылдарға арналған стратегиялық дамуға арналған салалық бағдарламасында белгіленген бағыттары бойынша дамуда. Осы орайда, спорт саласындағы басым бағыттарының бірі қазақстандықтардың дені сау ұлт болып қалыптасуы үшін дамытылуы тиіс жайт – ол бұқаралық спортты дамытып, көпшіліктің айналысуына жағдай жасау. Бұқараның спортпен айналысуы үшін спорт ғимараттары қолжетімді болуы тиіс. Бұл ретте Түркістан аймағында 1500-ден аса іс-шара өткізіліп, оған екі жүз мыңға жуық адам тартылды. Сонымен бірге ауылдық жердің азаматтары да қамтылды.

   «Бұқаралық спорт – ұлт денсаулығының кепілі» дегенді жиі айтамыз. Ол да негізсіз емес. Өйткені спорт адамға сергектік сыйлап, денсаулығын жақсартып, өмірін ұзартады. Оған қоса салауатты өмір салтын қалыптастыруда таптырмас тәсіл. Біздің елімізде де спортқа көңіл бөліп, бұл саланы мемлекеттік маңызы басым бағыттар санатына қосып келеді. Сонау 2010 жылғы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты мемлекет басшысының Жолдауында 2020 жылға дейінгі дамудың стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде қазақстандықтардың денсаулығын нығайтуды міндеттеп, бұқара¬лық спортты дамыту бойынша жұмыстарды ширату, оның ішінде спорт кешендерін қалпына келтіріп, жаңа нысандарды салу тапсырылған-ды.

Бұл шаралардың барлығы Қазақстан спортының әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін көтеруге және еліміздегі бұқаралық спортты ілгері жылжытуға бағытталғаны белгілі. Еліміздің көптеген аймақтарында спорттық инфрақұрылымды дамытуға сол кезде қабылданған «Жол картасы» бағдарламасы да өзінің игі ықпалын тигізді. Одан кейінгі VІІ Қысқы Азия ойындары мен Универсиадаға арнайы салынған нысандар еліміздің спорт¬тық инфрақұрылымын едәуір нығайтты. Осы бағдарламаның аясында спорт нысандары жөнделді. Дене шынықтырумен, спортпен тұрақты шұғылданатын қазақстандықтардың қатары өсті. Қазақ күресі, тоғызқұмалақ, ат спорты, тағы да басқа ұлттық спорт түрлерін дамытуға айрықша ден қойыла бастағанына куә болдық. Егеменді ел ретінде түрлі халықаралық жарыстарға қатысып, елеулі табыстарға жетіп, еліміздің көк туын желбіреткен кездер де аз болмады.

Тағы бір ерекше атап өтетін жәйт – 2021 жылдан бастап дене шынықтыру сабақтарына ұлттық спорт түрлері міндетті түрде енгізілді. Қазір оқушылар арасында «Қазақ күресі», «Тоғызқұмалақ» пен «Асық ату» сияқты халқымыздың ежелден келе жатқан спорттық ойындары кеңінен танылды. 2021 жылы 57 мың адам ұлттық спортпен айналыса бастаса, қазір елімізде төл спорт түрлерімен шұғылданатын адамдар саны 500 мыңнан асты. Спортқа ынталандыру үшін түрлі жарыстар ұйымдастыру ұтымды әдіс болып есептеледі. Ол әр адамның қызығушылығын ғана арттырып қоймайды, сонымен қатар өз күшін бағалап, жоғары жетістіктерге жетуге ұмтылдырады. Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп жыл сайын оқушылар мен студенттер арасында спорттық лигалар өткізіліп отырады. Ұлттық мектеп лигасының сайыстары баскетбол, волейбол, гандбол, футбол, футзал, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, үш адамдық баскетбол, асық ату, бес асық, жеңіл атлетикалық кросс сияқты 10 спорт түрі бойынша өткізіледі. Бұл жарыстарға 1,5 млн-нан астам оқушы қатысады.