Ашық пікір алмасу өтіп, қордаланған мәселелер ортаға салынды. «Ашық есік күніне» құқық қорғау органдарының және облыстық басқарма басшылары мен өкілдері қатысып, өтініштердің оңтайлы шешілуіне атсалысты. Тұрғындардың еркін пікір алмасуына толық жағдай жасалды, деп хабарлайды newsroom.kz.
Қабылдауға жазылған қала тұрғыны ҚР «Құрмет» ордені мен «Түркістан облысының құрметті азаматы» атағын беруді сұраса, енді бірі «Дарын» мектебінің жатақхана мәселесін көтерді. Тарқатып айтсақ, Кентау қаласында орналасқан Түркістан облысы білім басқармасының «Мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернаты» КММ-сі Кентау көпсалалы колледжінің жатақханасы балансында тұрған ғимаратты пайдалануда. Тұрғын мектеп-интернаттың ғимарат мәселесін шешіп беруді сұрады.
Қазіргі таңда тұрғын үй мәселесі еліміз бойынша ең өзектілердің қатарында. Осыған қарамастан Түркістан облысында бұл бағытта жұмыс атқарылуда. Қабылдауға жазылған екінші топ мүгедектігі бар азамат тұрғын үйге мұқтаждар саны 4000-нан аса отбасыны құрауына байланысты Кентау қаласынан тұрғын үй салуды сұрады. Өзі де мұқтаждар есебінде №500 кезекте тіркелгенін жеткізді. Сонымен бірге тұрғынға санаторияға жіберу жөніндегі өтініші бойынша да жауап берілді.
Облыста газдандыру бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Жиын барысында Хантағы, Қарнақ ауылын газдандыру мәселесімен кірген азаматқа қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, магистралды газ құбырын тарту үшін жұмыстар басталғанын жеткізді.
Жеке қабылдауға жазылған азаматша «Яссы-Несие КС» ЖШС-нен мал шаруашылығы үшін алған несиелерінің төлемі аяқталуына байланысты кепілге қойған мүліктерін шығаруға ықпал етуді өтінді. Келесі жазылушы қалаға стратегиялық маңызы бар темір жолды мемлекет меншігіне қайтаруды сұрады.
«Ырмақ-Өзен» су қоймасының сол қанат каналына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі бойынша ұсыныс айтылды.
Жалпы қабылдауға 50-ден астам тұрғын кіріп, көкейлеріндегі мәселелерді қозғады. Инфрақұрылым, әлеуметтік мәселе, баспанамен қамту, туризмді дамыту бойынша өтініштер мен ұсыныстар тыңдалды.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қабылдау барысында тұрғындардың сұрағына заң аясында тұщымды жауап беріп, көтерілген мәселелердің шешімін табу бойынша тиісті мамандар мен сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыс әкімі тарапынан жалпы 42 қабылдау өткізіліп, 280 азамат қабылданған және олардың тарапынан 467 өтініш пен ұсыныс-пікір айтылып, 516 хаттамалық тапсырма берілді. Мәселелер тұрақты бақылауға алынған.
Облыс әкімінің жеке қабылдаулары барлық аудан, қалада жалғасын табады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі