Қайтарымсыз грант көпбалалы анаға балаларын еңбекке баулуына сеп болды

Шымкент қаласының тұрғыны Балымжан Асембекова биыл 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз грант алған азаматтардың бірі.

Ғаламтор желісінен

Көпбалалы ана ол қаражатқа жалюзи, ролл-перделер дайындайтын құрал-жабдықтар сатып алған. Қазіргі таңда студент ұлымен бірге аталмыш тауардың түрлі үлгілерін дайындап, тұрақты табыс көзіне айналдырған, деп хабарлайды newsroom.kz.

-Өзім 20 жылдан бері перде тігумен айналысамын. Тапсырыс қабылдаған кезде қосымша жалюзиге сұраныс көбейген соң, осы кәсіпті де меңгеру керек деп шештім. Тәубе, балаларым қолқанат болды. Қазір үлкен ұлым жалюзи, ролл-перделерді өзі дайындайды. Балаларымның несібесі болар, қайтарымсыз гранттың көмегі тиіп жатыр,-дейді грант иегері.

Балымжан Асембекова дизайнер-модельер мамандығы бойынша алған білімін де кәдеге асырып отыр. Шеберханасында ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін әшекей бұйымдар мен қыз жасауын дайындап, киім-кешекті тігеді. Ісмер әйел қол қусырып отырмай, қосымша 3 азаматты да жұмыспен қамтуда. Алдағы уақытта перде, жалюзиді химиялық тазалайтын қызмет ашу арманы бар.

Биыл Шымкентте «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы шеңберінде әлеуметтік осал топты азаматтарға арналған грант жалпы саны 452 азаматқа берілді. Былтыр 1098 азамат грант иегері атанған. Қаражаттың мақсатты жұмсалып, жеке кәсіп ашуға пайдаланылғанына мамандар үнемі тексеру жүргізіп отырады. Басқарма тарапынан былтыр грант алған 1094 азаматтың кәсібіне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 1044 азаматтың жұмыс орнын ашып, қосымша 25 азаматты жұмыспен қамтығаны белгілі болып отыр. Қалған 50 азамат бойынша мемлекеттік грант қаржысын мақсатсыз пайдаланғаны үшін құқықтық қамтамасыз ету бөліміне жолданған.

Жалпы, алғашқы міндет аясында аудандардың шебер-жоспарлары жасалып, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту жүргізілетін болады. Сондай-ақ, жас кәсіпкерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға шағын несиелер мен гранттар беріледі.

Департамент директорының орынбасары Руслан Тілеубаевтың сөзінше, шебер-жоспарлар үй шаруашылықтары мен жергілікті кәсіпорындардың сауалнамалары негізінде жасалады. Жалпы, 2022-2024 жылдары 163 шебер-жоспар әзірленеді. «Шебер-жоспарлар негізінде кәсіпкерлерді қолдау «егістіктен сөреге дейін» өндірістік-өткізу тізбегін құру арқылы қамтамасыз етіледі. Өнім өндірушілер мен сатып алушылардың келісуі, ауыл кәсіпкерлерінің өнімін кепілді түрде сату және сатып алу қамтылады», - деді ол.

Департамент директоры орынбасарының айтуынша, «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде жыл сайын 30 мың адамды, оның ішінде кемінде 6 мың жас азаматты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған. Оқуды аяқтаған және бизнес-жоспарын қорғаған қазақстандықтар жеңілдікті шарттармен мемлекеттік гранттар мен микрокредиттер алуға мүмкіндік алмақ.

«Бұл ретте, жастардың 20 мыңға жуық өкілін және азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын жыл сайын гранттармен қамту жоспарлануда. Ал, жеңілдікті шарттармен шағын бизнес ашу және отбасылық фермерлік шаруашылықтарды өндірістік-өткізу тізбектеріне біріктіру үшін аудандардың шебер-жоспарлары жасалып, соның негізінде берілетін болады. Сондай-ақ, грант алушылардың санаты да қайта қаралды. 2022 жылдан бастап гранттар жастарға, жұмысқа қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы мүшелеріне және қандастарға жеке кәсіпті ашу мақсатында беру жоспарланып отыр», - деп толтықтырды Руслан Тілеубаев.

Оқу 14 облыста, 160 ауданда іске асырылады, сондай-ақ моноқалалар мен облыс орталықтары, республикалық маңызы бар елорда, Алматы, Шымкент секілді қалалар қамтылған. Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында жоба бойынша оқыту «Atameken Academy» платформасында онлайн форматта өтеді.

 

Жүктелуде...