Онда аймақ басшысы биылғы жылдың 9 айында атқарылған шаруаларды айтып, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты серпін сақталып, барлық көрсеткіштер жоспарға сәйкес орындалғанын жеткізді. Жыл қорытындысымен де орындалуы күтілуде екендігін ескертіп, солардың негізгілеріне тоқталды, деп хабарлайды newsroom.kz.
«Қайырлы күн, құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері! Өздеріңізбен әсем қала, рухани астана Түркістанда қауышып отырғаныма өте қуаныштымын! Облысымызда, аудандар мен қалаларда атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа жеткізудегі еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін! Сіздердің алдыларыңызда атқарылған жұмыстар бойынша есеп беру дәстүр болып қалыптасқан. Атқарған жұмысымызды саралап қана қоймай, алда тұрған міндеттерді де межелейміз.
Бүгінгі таңда бірлік пен татулық мекені саналатын Сайрам ауданында 235 мыңнан астам халық тұрып жатыр, 11 ауылдық округ, 42 елді мекен бар. Облыс халқының 11%-н құрайды. 2023 жылдың 9 айында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты серпін сақталып, барлық көрсеткіштер жоспарға сәйкес орындалды, жыл қорытындысымен де орындалуы күтілуде, солардың негізгілеріне тоқталсам. Басты көрсеткіш жалпы өңірлік өнім көлемі ағымдағы жылдың 9 айында 185 млрд теңгеге жетіп, өсім 103,3%-ды құрады. Жалпы өнімнің ішінде 56%-ы ауылшаруашылығы саласына тиесілі болса, 18,3%-ы өнеркәсіп саласына, 18,5%-ы сауда саласының үлесінде. Биылғы жылы жалпы өнімді 255 млрд.теңгеге және 5,8%-ық өсімге қол жеткізуді жоспарлап отырмыз (2022 ж.- 241 млрд.тн).
ӨНЕРКӘСІП саласында жыл басынан 33,9 млрд.теңгенің өнімі өндірілген, оның ішінде 27,6 млрд.теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 3 жылда 1,7 есеге артып, бүгінде облыстың өнеркәсіп өнім көлемі бойынша ауданымыз үшінші орында. Ағымдағы жылдың 9 айында ауданымызға 38,9 млрд.теңге ИНВЕСТИЦИЯ тартылып, былтырғы жылдың 9 айымен салыстырғанда өсім 18,3%-ды құрап, 6,0 млрд.теңгеге артты. Тартылған инвестицияның 89%-ы жеке инвестиция болса, соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 2 есеге артты. 2023-2024 жылдарға ауданда 75 млрд.теңгеге 19 инвестициялық жобаны іске асырып, 886 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның 12-сі өңдеу бағытындағы іске асатын жобалар. Жыл басынан 11 млрд.теңгеге 9 жоба іске қосылып, 279 жұмыс орны ашылды (күнбағыс майын шығаратын цех, газоблок және темірбетон зауыты, алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт, жылыжай құрылысы). Іске қосылған жобалардың ішінде «Gen Group Kazakhstan» компаниясы Қайнарбұлақ ауыл округінде 5,3 га жерге банан өсіруге арналған жылыжай кешенін салды. Аталған кәсіпорынның Қазақстанда баламасы жоқ. Яғни бұндай кәсіпкерлік нысан тек Сайрам ауданында бар. Жылыжай жылына 1000 тонна банан өндіруге мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін құны 2,6 млрд.теңгеге 5 жоба іске қосылса, қалған 5 жобаны іске асыру 2024 жылға жоспарлануда.
Оның ішінде, ірі жобалар: «Туран Агро ет-сүт» өндірістік кооперативі сүт өнімдерін өндіреді, құны 450 млн.теңге, 20 жұмыс орны ашылады. «Meat magnat» ЖШС-сі 2 мың ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салып жатыр, құны 800 млн.теңге, 10 адам жұмыспен қамтылады. «Samid Master» ЖШС-сі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін зауыт құрылысы, жобаның құны 650,0 млн.теңге, 20 адам жұмыспен қамтылады. Нәтижесінде 50 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Сонымен қатар, «Агроөнеркәсіптік индустриялды аймағын құру үшін жер учаскесін резервте қалдыру туралы» аудан әкімдігінің қаулысы қабылданып, тұжырымдама жобасы (концепция) әзірленуде. Алдағы уақытта осы жер учаскесіне инфрақұрылым жүйелерін жүргізу мәселесін шешуіміз қажет. Индустриялды аумағында инвестициялық жобаларды орналастыру үшін тізімдері анықталуда. Іске асқан жобалар ауданның өндірістік әлеуетін арттыру және шағын кәсіпкерліктің дамуына септігін тигізері сөзсіз. Өздеріңізге белгілі, Сайрам – шағын және орта кәсіпкерлігі дамыған аудан. Кәсіпкерліктің басым бөлігі ауыл шаруашылығы бағытында болса, одан бөлек сауда және қызмет көрсету салаларын қамтиды. Бүгінде жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны былтырғы жылмен салыстырғанда
25,4%-ға артып, 21 701 бірлікті құрады. Оның 53%-ы жеке кәсіпкерлер. Олар аудан экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.
Жыл басынан шағын кәсіпкерлік субъектілерімен 68,2 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, қызметтер көрсетілген. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен 26 кәсіпкерге 1,4 млрд.теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Ағымдағы жылдың 10-17 қазан айының аралығында ауданымыздан 5 кәсіпорын басшылары Қытай еліне өз кәсіптерін ұлғайту, қажетті құрал-жабдықтарды алу және тәжірбие алмасу мақсатында барып қайтты. «ART Boilers» ЖШС-і басшылары Қытай еліндегі жылу қазандықтары бойынша Шанхай қаласының «Shanghai Boiler Works Co.,Ltd» ірі компаниясымен келісім жасады, Гуандонь қаласындағы ірі жылыту қазандықтарымен (20 тонналық пармен жылыту) айналысатын «SNDWAY NEXHOLOGY CO.,LTD» компаниясына 17 тонна пар шығаратын қазандықтар алуға және бірлесіп мамандарымен тәжірибие алмасу жұмыстарын жүргізуге меморандумға тұрды. «Ет Агро Манкент» ӨК-і (құны 330,0 млн.теңге) және «Тұран агро Ет-сүт» АШӨК (құны 321,0 млн.теңге) мал бордақылау кешені, мал сою алаңы, етті терең өңдейтін цех құрылысы және қанды өңдеу кәсіпорындары құрылысын жүргізуге «ZHONG BANG HAO TONG» компаниясымен құрал-жабдықтарды сатып алуға ынтымақтастық туралы келісімге тұрды.
ЖК Убаев Жахангир «Ауыл шаруашылығы жануарларын сою кезінде қалған қосалқы өнімдерін қайта өңдеу» жобасын жүзеге асыру мақсатында «Zhucheng Xinshengyuan Machinery Co., Ltd.» компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Жоба құны — 260,0 млн.теңге. «Kuzov-Karabulak» ЖШС-гі кәсіпорынды кеңейтуге құрал-жабдықтар алу үшін «LIANGSHAN LUHENG TRAILER PARTS CO.,LTD» компаниясымен келісімге келіп, жылына 500,0 млн теңге шамасында автобөлшектер алуды жоспарлап отыр.
Сайрам- ауыл шаруашылығы өркендеген ең іргелі аграрлы аудандардың бірі. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ саласында жыл басынан 103,2 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, облыстағы өнім көлемінің 12,8%-ын құрап, бірінші орында. Шаруалардың еңбекқорлығының арқасында өнім көлемі былтырғы жылдың 9 айымен салыстырғанда 8,1 млрд.теңгеге артқан. Биыл 9 айда егін шаруашылығында 43,7 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, 52,8 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді (18,0 мың га күздік бидай, 4,9 мың га арпа, 7,7 мың га майлы дақылдар, 11,9 мың га мал азықтық дақылдар, 5,9 мың га көкөніс, 3,9 мың га картоп егілген). Бүгінгі таңда күздік бидай толығымен жиналды.
Жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша биыл 17,2 гектар жылыжай іске қосылып, жоспар 101,8%-ға орындалды (жоспар 16,9 га). Нәтижесінде барлық жылыжайлар көлемі 75,7 гектарға жетті. 56 агроқұрылымда қосымша 101,8 гектарға тамшылатып суғару әдісі ендіріліп, тапсырма 101,8%-ға артығымен орындалды (жоспар 100 га). Нәтижесінде тамшылатып суғару әдісі енгізілген жалпы жер көлемі 630,8 гектарға жетті. Ауданда мал шаруашылығы жақсы дамыған, ауыл шаруашылығы өнімінің 59,2 млрд.теңгесі немесе 57%-ы мал шаруашылығында өндірілген, өсім 18,9%-ды құрап отыр. Барлық шаруашылықтарда мал басы көбейген, ет өндірісі 8,2%-ға, сүт – 2,7%-ға артты. Ауданда 1042 мал бордақылау орындарында бір мезгілде 42 мың бас мал бордақылауға мүмкіндігі бар. Өздеріңізге белгілі аудандағы мал бордақылау алаңдарының жұмысы сынға алынған болатын.
11 мал сою орнының санитарлық талаптары сақталмағаны анықталған, 3-уі жабылған, қалған 8 мал сою алаңдарын заман талабына сай ретке келтіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес санитарлық нормаларды сақтау мақсатында Қарабұлақ ауылында жеке кәсіпкер есебінен Беккари шұқыры дайындалып, қан төгу орны жұмыс істеп тұр. Облыс әкімі шілде айында аудан кәсіпкерлерімен кездесіп мал қалдықтарын терең өңдейтін зауыттарды салу бойынша аудан кәсіпкерлерінің бірнеше ірі жобаларымен танысқан болатын.