Күрделі жөндеуден өткен білім ошағына қосымша ғимарат салынған еді. Шаһар басшысы Энергетика басқармасы басшысына қосымша ғимараттың пайда болуына орай туындаған жылу мәселесін тез арада шешуді тапсырды. Сонымен бірге әкім ағы бірнеше аймаққа барып, тұрғындардың талап – тілегі бойынша атқарылуға тиіс жұмыстарды тексеріп қайтты.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков М.Х.Дулати атындағы № 8 мамандандырылған мектеп-гимназиясын аралады. Үш тілде білім беретін гимназия – мегаполистегі ең үздік мектептердің бірі. Шәкірт санының артуына байланысты білім ғимаратының жанына қосымша оқу корпусы салынып, биыл қыркүйекте пайдалануға берілген. Заманауи талапқа сай салынған 1 100 орындық жаңа нысанда 68 сынып бөлмесі, 250 орындық акт залы, спорт зал және 320 орындық асхана қарастырылған. Қала әкімі Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысына қосымша ғимараттың пайда болуына орай туындаған жылу мәселесін тез арада шешу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Ал гимназияның ескі ғимаратын келесі жылы күрделі жөндеуден өткізу үшін тиісті жұмыстарды жүргізуді қалалық Білім басқармасының басшысына тапсырды.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ КӨПТЕН БЕРІ ТҮЙІНІ ТАРҚАМАҒАН МӘСЕЛЕГЕ НҮКТЕ ҚОЙДЫ
Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбековтің Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен есептік кездесуінде жергілікті халық гүлзар салу бойынша мәселе көтерді. Қала басшысы жағдаймен арнайы танысып, тұрғындар мен кәсіпкерлердің талабын тыңдап, мәселені заң шеңберінде шешетінін жеткізген болатын. Тұрғындардың тілегін ескерген қала әкімі мәселені өз бақылауына алып, жан-жақты зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде кәсіпкерлік нысандардың жер телімдері мемлекет мұқтаждығына алынып, көптен бері түйіні тарқамаған мәселеге нүкте қойылды. Бүгінде Түркістан көшесі мен А. Байтұрсынов көшелерінің қиылысында сквердің құрылыс жұмыстары басталды.
Демеушілердің есебінен салынатын демалыс аумағы жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі. Қала әкімі құрылыс жұмыстарын бақылап, жауаптыларға гүлзарды сапалы салуды тапсырды.
МАЯТАС ТҰРҒЫН АЛАБЫНДАҒЫ АСПАЛЫ КӨПІР ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛЕДІ
Шаһар басшысы Маятас тұрғын алабындағы жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір мәселесімен танысты. Аспалы көпір 1985 жылы салынған. Тұрғындар тарапынан 2014 жылы жартылай жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бүгінде тозығы жетіп, қайта қалпына келтіруді қажет етіп тұр.
Жағдайды бақылаған қала әкімі жауаптыларға заманауи үлгіде көпір салуға тапсырма берді. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарын келесі жылдың 1-жартыжылдығына дейін аяқтауды жүктеді. Оған қоса, Қ.Нысанбайұлы көшесі бұрылысынан көпірге дейінгі тас жолды жөндеп беруді тапсырды.
Бадам өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінде күніне шамамен 150-200 адам қатынайды. Ұзындығы 120 метр, ені 1 метрді құрайды.