Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
9 қараша, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Түркістанда «Қазақстан-Түрік жастар көпірі» іс-шарасы өтті

Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде «Қазақстан-түрік жастар көпірі» іс-шарасының ашылуы салтанаты өтті.

Түркістанда «Қазақстан-Түрік жастар көпірі» іс-шарасы өтті
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бауырлас елдердің жастары бас қосқан жиынға Мәдениет және ақпарат министрлігі, Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігі, Түркия Республикасының, Шымкент қаласының, Түркістан облысының, Жамбыл облысының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, белгілі спикерлер және өңіріміздің белсенді жастары қатысты, деп хабарлайды newsroom.kz.

Алдымен, мәртебелі меймандар ұйымдастырылған көрмені тамашалап, «Конгресс холл» өнерпаздарының орындауындағы күйлерді тыңдады. Басқосуда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев мәртебелі меймандарға алғысын білдіріп, түркі әлемі жастарын біріктіруді көздейтін жобаның маңызына тоқталды.

 Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен Түркістанға ерекше мәртебе беру бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Жуырда Түркістанды Түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы деп жариялау жөнінде шешім қабылданды. Түркістанды дамыту миссиясын жүзеге асыруда жастардың, яғни сіздердің де қосар үлестеріңіз мол. Осы ретте түркі әлемі жастарын біріктіруді көздейтін бүгінгі жобаның маңызы зор. Мазмұнды кездесу арқылы жастардың тарихына, ортақ мәдениетіне қызығушылығын арттыру арқылы екі елдің жастары арасында ынтымақтастық орнату көзделіп отыр. Осы жоба нәтижесінде жастар саясатын жандандырып, маңызды тәжірибелер жинаймыз деп сенемін, – деді Бейсен Тәжібаев.

Іс-шараның мақсаты – диалог және пікір алмасу арқылы екі елдің жастарын біріктіру, мәдени даму салаларындағы жастар саясатын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының жастар ұйымдары арасындағы қарым-қатынасты нығайту.

Ауқымды іс-шара барысында жастар әр түрлі секцияларға бөлініп, білімін арттырды. Өз саласында жетістікке жеткен спикерлер «Креативті индустрия қазіргі әлемдегі жаңа технологиялардың негізгі көзі ретінде», «Жастар тренді. Ұлттық айдентика», «Түркия және Қазақстан – жас ұрпақтың мәдени-білім беру интеграциясы» тақырыптарында ой қозғап, тәжірбиелерімен бөлісті. Жастармен еркін форматта диалог орнатып, сұрақтарына жауап берді. Жоба аясында Қазақстанның жастар қозғалыстарының белсенділері, Жастар ресурстық орталықтары мен волонтерлік қозғалыстардың өкілдері де өз ұсыныстарын ортаға салып, өзара пікірлесті.

Қатысушыларға «Ұлы дала елі» музейі, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Рабиға бегім кесенесі, «Қылует» жер асты мешіті, «Жұма мешіті» музейі, «Ежелгі Шығыс моншасы» сияқты Түркістан қаласының тарихи орындарына саяхат ұйымдастырылды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі