Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
9 қараша, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Көпке арман «көгілдір отын»

Қазақстан Халық партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өңірлік филиалы кеңсесінде аймақтағы табиғи отынмен қамту мәселелері  жөнінде  «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті.

Көпке арман «көгілдір отын»
Ғаламтор желісінен

Облысқа  «көгілдір отынды»  жеткізіп беретін басты мекеме – «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өңірлік филиалының  басшысы Нұржан Түймебаевтың берген мәліметіне қарағанда, аймақтағы 833 елді мекеннің 477-сі  табиғи газды тұтынуда, яғни елді мекендер бойынша 57,2 пайыз, бұл халықтың 75 пайызы «көгілдір отынның» қызығын көріп отыр деген сөз. Тек осы мекеменің өзі жалпы ұзындығы  12081,77 шақырым  газ құбырларымен халыққа қызмет көрсетеді. Жыл соңына дейін 50 елді мекенді  (Ордабасы, Төлеби, Отырар, Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандары)  табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, деп хабарлайды newsroom.kz.

Іс-шараға қатысқан Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариева облыста «көгілдір отынды» жеткізіп беруге қатысты қыруар жұмыс жүріп жатқанын, соның ішінде алдағы 3 жылда қосымша 200 елді мекенді табиғи газға қосып, нәтижесінде 2025 жылы қамту деңгейі 722 елді мекенге (86,7%) жеткізіледі дейді. Облысқа табиғи газ 2018 жылға дейін «Газли-Шымкент» магистральды газ құбыры арқылы жеткізілсе, сол жылдың соңына қарай отандық «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырына жалғанды. 2022 жылы  облыс бойынша газды тұтыну мөлшері 716,5 миллион текше метр болды. 2023 жылы 103 нысанның құрылысына 16,5 миллиард теңге  бөлініп, оның ішінде  68 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 35 нысан 2024 жылға өтпелі. Осы жылдың соңында 522 елді мекен (62,6 %) немесе 1 659 343 тұрғын (78,3%) табиғи газды қосуға мүмкіндік алады. Сөйтіп, 3 жылдан соң облыста газбен қамту толық  аяқталады.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ақтілеу Бекмұратов облыстағы тариф саясаты, Түркістан облыстық «Бірлік – газ» ассоциациясы» жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Ерғали Жәнібеков тариф белгілеудің күрделі жайлары, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ТӨФ техникалық инспекциясының бөлім басшысы Ғани Балғынбек газ тұтынушылардың  қауіпсіздігі, сақтығы шараларына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Жиынды қорытындылаған Қазақстан Халық партиясы Түркістан облыстық филиалының төрайымы  Зухра Қамбарова  қарапайым халықтың  «көгілдір отынға» қолжетімділігін арттыруға қатысты мәселелерді ортаға салды.