Бүгін Түркістан қаласында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен, жергілікті атқарушы органның қолдауымен «ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің» саябағы ашылды. Жаңа саябақты ашудағы басты мақсат – жастар арасындағы экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын-алу, лудоманияға қарсы күрес және қасиетті қаланың көркеюне үлес қосу, деп хабарлайды newsroom.kz.
Сонымен қатар департамент басшысы «Экономикалық тергеп-тексеру қызметінің волонтерлік қозғалысының» жетекшісі Пердебек Есқұловқа салтанатты түрде қозғалыстың туын табыстады.
Саябаққа Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген жолдаған көшет егілді. Еліміздің 20 өңірінің Экономикалық тергеп-тексеру департаменті сыйға тартқан ағаш көшеттері де саябақтың көркеюіне өз үлесін қосты. Саябақтың бір ерекшелігі – республика аумағындағы қаржылық пирамидаларының тізімі жазылған QR-тақтайшалары орнатылған.
Шараға Түркістан облысы әкімдігінің өкілдері, облыс аумағындағы құқық-қорғау органдарының басшылары, Қызылорда облысы және Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменттерінің басшылары, белсенді жастар арнайы қатысып, естелікке ағаш көшетін отырғызды. Шара соңында Түркістаның мәдениет саласындағы мақтаныштары «Jana Lep» тобы өз өнерін көрсетті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі