Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
8 қараша, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Бәйдібек ауданына жаңа әкім сайланды

Өңір басшысы бұған дейін ауданды басқарған Ержігіт Шәріпбековке аудан дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, жаңа бастамаларына сәттілік тіледі.

Бәйдібек ауданына жаңа әкім сайланды
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

5 қараша күні пилоттық режимде өткен әкім сайлауының Бәйдібек ауданы бойынша сайлау қорытындысымен Бәйдібек ауданының әкімі болып Нұрмаханов Ерлан Заипұлы сайланды, деп хабарлайды newsroom.kz.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жаңа басшыны аудан активіне таныстырып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттерді іске асыру бойынша жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

– Жаңа басшыға үлкен жауапкершілік пен маңызды міндеттер жүктеліп отыр. Аудан экономикасы мен жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын көтеру бағытында жаңа жобалар күтеміз. Ауыл шаруашылығы мен туризм саласын дамытуға, инвестиция тарту бағытына басымдық берген жөн. Бәйдібек ауданында экотуризмді, зиярат туризмін дамытуға мүмкіндік көп. Жаңа өндіріс, жұмыс орындарын ашу керек. Халықпен бірлесе отырып, қордаланған мәселелерді жедел шешуге күш салады деп сенемін, – деді Дархан Сатыбалды.

Ерлан Нұрмаханов 1973 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Алғабас ауданы, Шаян ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Қазақ химия-технология институтын – инженер-құрылысшы, 2005 жылы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін – заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1994 жылы баспа саласындағы кәсіпкерлік қызметтен бастады. 2002 жылы полиграфия өнімдерін басып шығару және таратумен айналысатын «ERNUR-press» ЖШС-нің негізін қалады. 2007 жылдан бастап «ERNUR» корпорациясы ЖШС-нің директоры қызметінде. Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының ІV және V шақырылымының, Түркістан облыстық мәслихатының VІІ шақырылымының депутаты қызметін атқарды. Қазіргі уақытта «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшесі.

Өз кезегінде Ерлан Нұрмаханов сенім артқан жергілікті тұрғындар мен аймақ басшысына алғысын айтып, ауданның дамуына бар күш-жігерін салатынын жеткізді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі