Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Полицейлер Қазақстан аумағында 30-дан астам қылмыс жасаған күдіктіні ұстады

Түркістан облысында 10 алаяқтық қылмысын жасаған күдікті ұсталды

Полицейлер Қазақстан аумағында 30-дан астам қылмыс жасаған күдіктіні ұстады
фото: polisia.kz

Бұл туралы newsroom.kz порталы Түркістан облысының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері “Киберқылмыспен күреске арналған бағдарлама” жоспарын іске асыру шеңберінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, бұрын бірнеше рет сотты болған, Қазақстан аумағында бірқатар қылмыстар жасады деп күдікке ілінген 31 жастағы ер адамды ұстады.

Аталмыш Жамбыл облысының тұрғыны қылмысты алдын ала жоспарлап, кез келген өтіп бара жатқан адамдардан қоңырау шалу үшін ұялы телефондарын сұрап алып, содан кейін жасырынып отырған. Ол ұрлаған ұялы телефондарды ірі қалалардың базарларында сатып, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған.

Бүгінгі таңда полицейлер күдіктінің Түркістан облысында жасалған 10 алаяқтық қылмысы мен 1 автокөлік ұрлау фактісіне қатысы бар екенін дәлелдеді. Сонымен қатар ер адамға Қызылорда облысында ұрлық жасағаны үшін іздеу жарияланған. Сондай-ақ "ұрлық" пен "алаяқтық" баптары бойынша Қазақстанның 3 мегаполисі мен 5 облысында жасалған 22 қылмысқа қатысы бары анықталды.

Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Оның басқа осыған ұқсас ашылмаған қылмыстарға қатыстылығын анықтауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

Айта кетейік, алаяқтық Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 190 бабына сәйкес — бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену. Ол үшін қылмыскер алдау-арбау амалдарын қолданады немесе басқаның сеніміне кіріп алып, қастық жасайды. Бұл арада мынаны еске алу керек, алдау және сенімге кіру жолымен басқа да қылмыстар жасалуы мүмкін, бірақ олар басқа қылмыстық-құқықтық нормалар бойынша қарастырылады. Алаяқтық әрекеттерінің әрбір жағдайында істің мәнін жан-жақты қарастырып, оған ұқсас қылмыстардан ажырата білу қажет. Қылмыстық жауапқа тарту және айыпты деп тану үшін сол әрекеттерде қылмыс құрамының болған-болмағаның анықтап алу қажет. Мұның өзі қылмыстық заңда қылмыстық жауапкершілікке тартуға бірден-бір негіз болып табылады.

Алаяқтық жағдайында ақша қол сұғушылықтың басты заты болып табылады. Ақшаны заңсыз алу үшін қылмыскер әдетте болашақ жәбірленушіге шын мәнінде орын алған тәрізді оқиғалар мен жағдайлар туралы, немесе іс жүзінде орын алғанымен, бұрмаланған деректер туралы мағлұмат береді. Осы мақсатпен көбінесе өте қу амалдар қолданылады.

Алаяқтық бөтеннің мүлкін заңсыз айналдырудың ішінде жалған құжаттар арқылы алдау әдісі көп қолданылады. Жалған құжаттарды беріп отырып, алаяқ оған бөтен мүлікті алуға құқық беретін тәрізді алдамшы фактілерді немесе жағдайлардың бар екендігін растайды. Сөйтіп, ол иелігінде мүлкі бар адамды шатастырады.

Алдау арқылы қылмыскердің оған ақшаның, мүліктің және т.б. өз еркімен берілуіне қол жеткізетіні осы қылмыстың ең негізгі және өзіне тән қасиеті болып табылады. Айналасындағы адамдарға алаяқ адал болып көрінеді. Сырттай әдепті болып көрінуі оған тыныш өмір сүруге көмектеседі. Алаяқтықтың зияндылығы да осында.

Сөйтіп, алаяқтық алдау деп өзге тұлғаның шындыққа қатысты ойының шатасуына алып келген ақиқатты бұрмалауды я шындық жайлы айтпай қалуды түсіну керек. Өзге тұлғаның шындыққа қатысты ойының шатасуына алып келмеген ақиқатты бұрмалау я шындық жайлы айтпай қалу – алдауға қастандық болып саналады, яғни аяғына дейін жеткізілмеген, толық емес.

Алаяқтық кезіндегі алдау мазмұны алаяқтық жасамақ тұлғаның әртүрлі жағдайларға байланысты шындықты бұрмалауы я оны айтпай қалуы.

Алаяқтық кезіндегі алдаудың мазмұнын әртүрлі, жәбірленушінің ойын шатастыра отырып алаяқтың шындықты бұрмалауына я айтпай қалуына қатысты жағдайлар құрайды. Сонымен қатар, уақытылы алдау мазмұны жайлы хабардар болған алдаудың бастапқы кезеңінде анықтап, алдаумен байланысты қылмыстан сақтануға мүмкіндік береді.