"Қауіпсіз ел": Полиция қызметкерлері бір үйде тұрып жатқан 17 балаға қамқорлық жасады

Түркістандық полицейлер көпбалалы отбасыға көмектесті

фото: ашық дереккөзден

Бұл туралы newsroom.kz порталы Түркістан облысының полиция қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Түркістан қалалық полиция басқармасына қарасты патрульдік полицияның 5-ші взвод сақшыларының бұл әрекеті желіде таралды.

Олар өзара қаржы жинақтап, 17 баланы асырап бағып отырған көп балалы тұрмысы төмен апалы-сіңлілердің отбасына арнайылап барды. Бүлдіршіндерге қуана-қуана күнделікті қажетті азық-түліктерін табыстады.

Бір үйде тұрып жатқан екі отбасының асыраушы - ер азаматтары күнкөріс қамымен Ресей елінде жұмыста. Апалы-сіңлі аналардың біреуі денсаулығы жағынан мүмкіндігі шектеулі жан. Тәртіп сақшылары азық-түлікпен қоса 1 қойды да апарып, етін реттеп берді. Полицейлер тарапынан қамқорлықты сезінген көпбалалы ана «Осындай қиын сәтте бізге демеу болып, қамқорлық танытқан полицейлерге алғыс айтамыз. Отбасылары аман болсын. Жасаған қайырлы істерінің қайырымы еселеніп қайта берсін! »- деп ізгі амалдары үшін алғысын жеткізді.

Айта кетейік,  «Неке (ерлі – зайыптылық) және отбасы туралы»  Кодекске сәйкес көп балалы отбасы құрамында бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан да көп балалары, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасылар көпбалалы отбасылар болып саналады.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға сәйкес алты баланы туып, тәрбиелеген көп балалы аналар алтыншы баласы бір жасқа толған кезде және қалған балалары тірі болған кезде «Күміс алқа» алқасымен, сондай-ақ жетінші баласы бір жасқа толған соң жеті және одан да көп бала туған аналар және қалған балалары тірі болған кезде «Алтын алқа» алқасымен марапатталады.

Жүктелуде...